Эверест шыңында 50 тонна қоқыс жатыр: әр альпинист 12 келі қалдық тастайды

Автор: Темірхан Айжан

Непал билігі жаңа шара қолдаса, жағдай түзеледі деп үміттенеді 

Фото: David Liano

Эверест шыңына шыққан бір альпинист кем дегенде 12 келі қоқыс тастап кетеді. Непал билігінің есебінше, тау басында шамамен 50 тонна қалдық жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС жазғандай, Непал үкіметі Эверестке шыққан альпинистерді қоқысын өзімен бірге алып түсуге міндеттейтін бағдарламаны тоқтатты. Шенеуніктер 11 жылдан бері жұмыс істеген бағдарламаның сәтсіз болғанын мойындаған.

Шараға сәйкес, альпинистер 4 мың доллар көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс болған. Егер кем дегенде 8 келі қоқысын таудан алып түссе, қаражат қайтарылатын. Бірақ бағдарлама тиімді болмады, керісінше қалдық көлемі арта түскен.

Непалдың Туризм министрлігінің мәліметінше, 11 жыл ішінде альпинистер төменгі лагерлерден қоқысын түсіріп, оларға жарна қаржысы қайтарылып отырған. Алайда мәселе жоғары лагерлерде сақталып отыр.  

«Жоғары лагерьлерден адамдар көбіне тек оттегі баллондарын ғана алып түседі», -деді Сагарматха ұлттық паркіндегі экологиялық бақылау комитетінің басшысы Цхеринг Шерпа.

Оның айтуынша, шатырлар, консерві банкілері мен оралған тағамдар сол күйі тауда қалып, қоқыс көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Орта есеппен бір альпинист акклиматизация кезеңінде 12 келіге жуық қоқыс қалдырады.

Сондықтан жергілікті билік жаңа шешім шығарған. Енді альпинистерден қалдықтар үшін қайтарымсыз жарна алынады. Бұл қаражат лагерь №2-де бақылау бекетін құруға, сондай-ақ таудың жоғарғы аймақтарына тұрақты түрде көтеріліп, альпинистердің қоқысты төменге түсіруін қадағалайтын тау рейнджерлерін ұстауға жұмсалмақ.

Туризм министрлігінің мәліметінше, төлем бұрынғыдай 4 мың доллар көлемінде қалады. Шешім парламент мақұлдағаннан кейін күшіне енеді.

Эвересттегі қоқыс көлемін нақты есептеген зерттеулер жоқ. Тауда ыдырамайтын тонна-тонна қалдық бары айтылады. Ауа температурасы төмен болғандықтан, қоқыстар ыдырап кетпейді. Ал шыңға шығушылар саны жыл сайын артпаса, кеміген емес.