«Аяғы жерге тиместен тап берді»: зообақта жас жігітті арыстан жеп қойды

Автор: Темірхан Айжан

Жыртқыш өлтірілмейтін болды 

Фото: скрин

Бразилиядағы зообақта жас жігітті арыстан жеп қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Mirror басылымының жазуынша, жан-жағы қоршалған, 6 метрлік биіктіктегі арыстанның ауласына ер адам өзі өрмелеп барған. Келушілер оны видеоға түсіріп алған.

Жігіт қоршаудың темір торымен жылжи отырып, жағалай өскен биік ағашпен төмен қарай сырғып түскен. Арыстан дереу жетіп барып, оның жерге аяғы тиер-тиместен тап берді.

Оқиға Бразилияның Жуан-Песоа қаласындағы Арруда-Камара саябағында болған. Ер адамның психикалық ақауы болғаны айтылады. Оқиға орнына әскери полиция, жедел жәрдем қызметі дереу жеткен. Қайғылы жағдайдан кейін зообақ жабылды. Істі Параиба сот-сараптама институты зерттеп жатыр. Зообақ әкімшілігі марқұмның отбасына көңіл айтып, өкініш білдірген. Олар жануарлар паркінің барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарын сақтайтынын және болған оқиға бойынша тиісті органдармен ынтымақтасып жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Кейінірек зообақ әкімшілігі Леона атты арыстанның мәжбүрлі түрде өлтірілмейтінін айтты.

«Оқиғадан кейін Леонаны техникалық мамандар бірден қарап шықты, ол қатты күйзеліс алып қалды. Қазір бақылауда. Леонаның жағдайы жақсы, осы оқиғадан басқа ешқандай агрессивті мінез-құлық байқалмады, сондықтан оған эвтаназия жасалмайды. Ветеринарлар мен мамандар Леонаның жағдайын толық бақылауда ұстап, оның дені сау, эмоционалды тұрақты болып, қалыпты өміріне оралуына жағдай жасайды», - деді олар.