Димаш Құдайберген Сәкен Сейфуллиннің әйгілі әнін заманауи стильде орындап, клип түсірді (ВИДЕО)
Ол бейнелиптің премьерасы Алматыда фан-кездесуде өтетінін айтты

Әнші Димаш Құдайберген ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Тау ішінде» әнін заманауи стильде орындап, клип түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әннің, бейнеклиптің премьерасы жуырда өтеді. Бұл туралы Димаш Құдайбергеннің өзі мәлім етті.
«Жаңа бейнебаян «Тау ішінде». Фан-кездесуімізді асыға күтіп жүргендеріңізді жақсы білемін. Сол үшін сіздерге арнап комедиялы клип әзірледім. Премьерасы осы фан-кездесуімізде өтеді. Осы әнді стадион болып орындайық», - деп жазды Димаш Құдайберген.
Әншінің фан-кездесуі 26 мамыр күні Алматыда өтеді. Комедиялы клипте басты рөлді танымал блогер, актриса Айым Сейітметова орындап шығады.
Айта кетейік, «Тау ішінде» әнінің сөзі мен әнін Сәкен Сейфуллин жазған. Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың әйгілі әнге қатысты мынандай ойын жеткізген:
«Ән Сәкен ақталғаннан кейін алғаш рет әнші Ләззат Сүйіндікованың орындауында радиодан беріле бастағанда, ақынды аңсаған елдің ықыласында шек болмады. Кәусар әннің лебі қазақ даласын жібек желмен желпіді. Бұл ән жөнінде неше түрлі аңыз айтылды. Біреулер Сәкен ақталғаннан кейін бұл ән жөнінде неше түрлі аңыз-әңгіме тарата бастады. Біреулер өз қиялымен долбарлап әңгімелер жазды. Сонда Сәкеннің елі, Жаңаарқа жұрты ондай қауесеттердің бірде-біріне иланған жоқ», - дейді Ілия Жақанов «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында.