Оралда 9 жасар баланы ток соқты: оның жағдайы ауыр
Оқиға кезінде бала доп ойнап жүрген

Орал қаласында электр подстанциясы аумағында қайғылы оқиға болды. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 30 сәуір күні подстанция төбесіне шыққан 2015 жылы туған ұл баланы ток соққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бала дереу ауруханаға жеткізілді. Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство.
Куәгерлердің айтуынша, бала төбеде тұрып қалған допты жерге лақтырып жіберіп, артынан өзі түспек болған кезде ток соққан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, бала қазіргі уақытта облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы ауыр, тыныс алуы аппарат көмегімен қамтамасыз етілген. Денесінің 95 пайызын төртінші дәрежелі күйік шалған.