Павлодар тұрғыны вокзал маңында ұйықтап қалған канадалық туристің ақшасы мен төлқұжатын ұрлап кеткен (ВИДЕО)

Шетелдік Қазақстанды аралауға келген, бірақ ұрлықтың құрбаны болды

Павлодар тұрғыны вокзал маңында ұйықтап қалған канадалық туристің ақшасы мен төлқұжатын ұрлап кеткен (ВИДЕО)
видеодан скрин

Қазақстанға жасаған сапары канадалық турист үшін үлкен қиындыққа ұласуы мүмкін еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Торонто қаласының тұрғыны Лю Фенга Қазақстандағы тарихи орындарды аралау бағытын алдын ала жоспарлаған. Ол Абай облысынан Астанаға бет алған, ал Павлодар қаласында көлік ауыстыруы керек болған.

Рейсін күтіп жүрген ер адам автовокзал маңындағы орындыққа отырып, көзі ілініп кетеді. Оянған кезде жол сөмкесінен ақшасы мен шетелдік төлқұжатының жоғалғанын байқайды.

Құжаттарынан айырылу шетелдік үшін үлкен мәселеге айналды. Өйткені төлқұжатсыз ол Канадаға қайта алмайтын еді.

«Мен бірден 102 нөміріне қоңырау шалдым. Маған міндетті түрде көмектесетініне кәміл сендім. Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Болған жағдайды айтып бердім. Барлығы мәселеме түсіністікпен қарады: біреуі су ұсынды, мені сабырға шақырды және бәрін табатынын нақты айтты», – дейді Лю Фенга.

Полицияның мәліметінше, тәртіп сақшылары шетелдік азаматтың жеке заттарының ұрлану дерегін жедел ашып, оның шетелдік төлқұжатын қайтарып берген.