Алматыда блогер Әділетхан Молдахан тағы екі айға қамауға алынды
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Қазақстандық танымал миллиондық аудиториясы бар блогер Әділетхан Молдахан қайтадан қамауға алынды. Сот оны екі ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін мәлім болғандай, Әділетхан Молдахан жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталған болатын.
«Сотқа дейінгі тергеу аясында сот екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қалалық полиция департаменті.
Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Сәуір айының басында сот Әділетхан Молдаханға қатысты 10 тәулікке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған еді. Ол әдейі жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталған. Полиция өкілдері блогердің бұған дейін тонау дерегі бойынша сотталғанын да мәлімдеді.