Қазақстандық клуб Лионель Мессиді өз командасына шақырды
TURAN — Түркістан қаласындағы футбол клубы

Футболдан Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси «Барселона» футбол клубынан кетті. Әзірге ешбір футбол клуб қатарына қосылмаған ойыншыны өз қатарына шақырғаны жайлы қазақстандық TURAN футбол клубының ресми парақшасында жазба жарияланды.
«Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанға шақырамыз!», - делінген жазбада.
Каталониялық клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Испания Ла лигагысындағы экономикалық ережелер мен шектеулер себебінен екі тарап жаңа келісімге келе алмаған.
«Екі тарап та қалауының орындалмағанына өкінішпен қарауда. «Барселона» ойыншыға клубтың дамуына қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдіре отырып, ары қарайғы жеке және кәсіпқой карьерасында сәттілік тілейді», - делінген мәлімдемеде.
Мессидің «Барселонамен» арадағы келісімшарты биыл маусым айында аяқталған. Аргентиналық футболшы 20 жылдан астам уақыт «Барселона» сапында ойнады. Испания чемпионатының ең үздік сұрмергені, Испания Кубогының ең үздік сұрмергені, «Барселона» тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. «Барселонамен» клубтық деңгейде ең мәртебелі жүлделерді жеңіп алды.
«Барселона» сапында жүріп алты рет «Алтын доп» иегері болды.