23.10.2026, 15:09
Спорт

Қазақстандық спортшылар Азия Пара ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды

Ұлттық құрама қоржынында жалпы 48 медаль бар: 12 алтын, 15 күміс, 21 қола

Қазақстандық спортшылар Азия Пара ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды
Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті

Жапонияда өтіп жатқан Азия Пара ойындарында қазақстандық спортшылар екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ерлер арасында Наиль Ермұханбет тасжолдағы велоспорттан В санатында 65 шақырымды 2 сағат 1 минут 21 секундта жүріп өтіп, чемпион атанды. Ал Кирилл Илюкевич 2 сағат 11 минут 42 секундта жетіп, күміс жүлдегер атанды.

Қазақстандық спортшы Анастасия Калаус әйелдер арасында 55 шақырым қашықтықта 2 сағат 5 минут 47 секунд уақытта басып өтіп, алтын медаль жеңіп алды. Жұлдыз Қайнарова 2:09.43 уақытта финиш сызығын кесіп өтіп, күміс медальді қанжығалады.

Ал пара пауэрлифтингтен Қазақстан ерлер командасы 412.09 коэффициентпен қола медаль жеңіп алды.

Ұлттық құрама сапында Давид Дегтярев, Ерболат Кәрібай мен Станислав Шакиев өнер көрсетті.

Айта кетейік, ұлттық құрама қоржынында жалпы 48 медаль бар: 12 алтын, 15 күміс, 21 қола.