$ 539.06  623.75  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сарбаздардың өлімі қашан тоқтайды?»: баласы әскерде жүрген депутат Қорғаныс министрлігінен жауап талап етті

Қорғаныс министрінің орынбасары бұл сұраққа жауап беруге тырысты

«Сарбаздардың өлімі қашан тоқтайды?»: баласы әскерде жүрген депутат Қорғаныс министрлігінен жауап талап етті
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Мәжілістің үкімет сағатында әскердегі суицид, сарбаз өліміне қатысты мәселені қозғап, қорғаныс министрлігінің өкілдеріне сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздың анасы ретінде Наталья Дементьева әскердің қазіргі жай-күйіне алаңдайтынын жасыра алмады. 

«Ана ретінде, азамат ретінде және басқа аналардың атынан сөйлейтін өкіл ретінде мен әскердегі қатыгездік фактілеріне, соның ішінде сарбаздардың қаза табуы мен өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына бейжай қарай алмаймын. Бұл оқиғаларды жекелеген жағдай ретінде қабылдау қате. Олар бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан тәрбие жұмысының жүйелік проблемаларының бар екенін көрсетеді», - деді депутат.

Наталья Дементьева атап өткендей, мұндай жағдайлар қоғамның Қарулы күштерге ғана емес, жалпы мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді.

«Осыған байланысты менің бірнеше сұрағым бар: бейбіт уақытта сарбаздардың қаза болуына жол бермейтін нақты шаралар қашан қабылданады? Әскери басшылар мен командирлерді даярлау барысында мұндай трагедиялардың алдын алу үшін қандай әдістер қолданылады? Қазақстандағы аналары ұлдарын қашан әскерге қорықпай жібере алады?» - деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

Бұл сауалға қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев жауап берді.

«Қорғаныс министрлігі де қоғамда, отбасыда болып жатқан қиын кейстер, бетімен жүрген балалар, есірткінің таралуы сынды жағдайлармен бетбе-бет келіп жатыр. Әрине, әскерге келіп жатқан мыңнан бір баланың әскердегі шектеулерден кейін психологиялық күйзеліске ұшырауы әбден мүмкін. Қолдағы бар жұмыстарға қосымша ретінде қорғаныс министрлігі ілеспе іс-шараларды атқарып жатыр. Методикалық құжаттар әзірленіп, профилактикалық субъектілермен келісімшарттар жасалды. Әскери психологтер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Тек қарулы күштердегі психикалық денсаулық орталықтарын ғана емес, жергілікті жерлердегі орталықтарды да пайдаланып жатырмыз», - деді Жазықбаев.

Сондай-ақ ол жасанды интеллекті негізінде әскерилер мен олардың отбасыларына стресс және қиын жағдайдан шығуға көмектесетін анонимді telegram-бот жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Әскерге жаңа сарбаз алған кезде психологиялық диагностикадан өткізу жүйелі түрде қаралады. Сондай-ақ республикалық психикалық әдістерді қалыптастыруда жоғары оқу орындарының тәжірибесін Қарулы күштерге бейімдеу қарастырылған. Сондай-ақ психология мамандығына оқып жатқан студенттер әскерде тәжірибеден өтіп жатыр», - деді ол.

Бұл сұрақтан кейін Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева «егер бұл мәселе тек психологтардың қатысуымен шешілетін болса, ол, бәлкім, баяғыда-ақ шешілер еді. Мұнда, әрине, жұмыс тікелей әскери бөлімдердің ішкі тәртібіне байланысты болу керек» деген наразылығын айтты. 

Серіктес жаңалықтары