Халқымыздың 34 пайызы балалар
Астанада өткен «Балалардың психологиялық денсаулығы: жалпы жауапкершілік» атты диалогтық кездесуде сарапшылар балалардың психологиялық қауіпсіздігі, ата-ана мен мектептің рөлі туралы маңызды мәселелерді талқылады. Жиынға қатысқан мемлекеттік органдар, білім саласының өкілдері мен педагог-психологтар балалардың психологиялық денсаулығын қорғау тетіктерін күшейтіп, осы мақсатта қоғамдағы ресурстарды біріктіру жайында ойын ортаға салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан балалары» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Қорғанбаева еліміздегі балалардың әлеуметтік әл-ауқаты мемлекеттің басты стратегиялық бағытының бірі екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан халқының 34 пайызы – балалар. Ертеңгі экономикалық және әлеуметтік қуат осы буынның қандай жағдайда өсетініне байланысты. Біз балаларды пренаталдық кезеңнен бастап сапалы мониторингпен, медициналық және психологиялық қолдаумен қамтуымыз керек. Бұл – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғам мен отбасының да ортақ міндеті», – деді ол.
Гүлмира Қорғанбаеваның айтуынша, елімізде бала құқығы мен психологиялық қауіпсіздігін қорғауға арналған алты негізгі бағыт айқылдалған. Оның ішінде құқықтық қорғау, интернет қауіпсіздігі, қосымша білім мен шығармашылыққа қолжетімділік, ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау және кибербуллингтен қорғау бар.
«Еліміз бойынша 24 түрлі балалар тобы анықталған. Бұл топтар баланың жасына, денсаулық жағдайына, әлеуметтік мәртебесіне тағы басқаларына қарай бөлінеді. Біз соның ішінде ерекше білімді қажет ететін, отбасылық қиындыққа тап болған, заңмен қайшылыққа келген, тіпті радикалды діни ағымдардың ықпалына түсу қаупі бар балаларды зерттеп, олардың әрқайсысына жеке ұсыныстар әзірлеудеміз», – деді ол.
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев қала мектептерінде психологиялық қолдау көрсету жүйесі қалай ұйымдастырылғанын баяндады.
«Жыл басынан бері 768 рет мобильді топ шығып, шұғыл көмек көрсетті. 277 өтініш сотқа дейінгі реттеу тетігі арқылы шешілді. Бүгінде қала әкімінің шешімімен қосымша 200 психологтың штаттық бірлігі бекітілді. Бұл мектеп психологтарының жүктемесін азайтып, әр балаға жекелей көңіл бөлуге мүмкіндік береді», – деді Әділбаев.
Оның айтуынша, мектеп, прокуратура және полиция арасындағы бірлескен жұмыс алгоритмі енгізіліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігі жолға қойылған.
Диалогтық кездесу нәтижесінде сарапшылар балалардың психологиялық денсаулығын қорғау үшін бірнеше маңызды бағытты ұсынды. Ең алдымен, ата-аналарға арналған білім беру курстарын көбейтіп, олардың бала психологиясын түсіну деңгейін арттыру қажет. Мектептерде, әсіресе ауылдық жерлерде, психологтар санын көбейту қазіргі күнгі кезек күттірмейтін мәселе болып тұр.
Сонымен қатар, балаларды интернеттегі қауіптен қорғау үшін цифрлық гигиена сабақтарын енгізу ұсынылды. Психологиялық қолдау орталықтарының желісін кеңейтіп, балаларға тегін әрі жедел көмек қолжетімді болуы тиіс. Қоғамдық сананы өзгерту де маңызды. Психологиялық денсаулық туралы ашық айту, стигманы азайту және ата-ана мен педагогтар арасындағы диалогты дамыту қажет.