«Білмеген шығар»: министр Жанабыловтардың ісі туралы не дейді
Басқа блогерлерге де қатысты тексеріс жүріп жатыр

Блогер Ерболат Жанабылов пен оның әйелі Эльмира Төлегенова ұйымдастырған ұтыс ойыны бойынша әкімшілік іс сотқа тапсырылған. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Іс сотқа тапсырылды. Енді ол сотта шешіледі», - деді министр Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.
Мырзабосыновтың пікірінше, ерлі-зайыпты блогерлер заңды біле тұрып бұзбаған.
«Бұл жерде біле тұрып заң бұзып отыр деп ойламаймын, мүмкін білместіктен болған шығар», - деді ол.
Сондай-ақ министр басқа да блогерлерге қатысты тексеріс жүріп жатқанын айтты, бірақ аты-жөндерін нақтыламады.
Естеріңізге салайық, блогерлер әлеуметтік желідегі парақшаларында ұтыс жариялап, 11 автокөлік таратылатынын хабарлаған. Алғашында акцияға қатысу тегін деп көрсетілгенімен, кейін шарт өзгеріп, қатысушыларға құны шамамен 30 мың теңге тұратын онлайн-курс сатып алу міндеттелгені анықталды. Бұл жағдайдан кейін желі қолданушылары блогерлерді білім беру өнімін желеу етіп, заңсыз лотерея ұйымдастырды деп айыптады.