Елімізде жол-көлік оқиғаларының саны 15%-ға азайды

Қазақстанда жол апатынан көз жұмғандар саны 35%-ға, жарақат алғандар саны 23%-ға азайған

Елімізде жол-көлік оқиғаларының саны 15%-ға азайды

Елімізде төтенше жағдай кезінде жол-көлік оқиғалары біршама азайған. Бұл туралы «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-да бейнебайланыс арқылы өткен республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік мәселесі туралы ведомствоаралық мәжіліс барысында айтылды.  

Биылғы 5 айда еліміздегі жол-көлік апаттарының саны 15%-ға төмендеп, 638 оқиға тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш біршама жоғары болған, яғни 747 оқиға тіркелген еді.

Сонымен қатар, жол апатынан мерт болғандар саны 35%-ға, жарақат алғандар саны 23%-ға азайған.

Алайда автокөліктердің қозғалысына қойылған шектеу алынғалы бері көлік ағыны күрт артып, апаттылық деңгейі де қайта өсе бастаған.

«Жүргізілген мониторинг нәтижесінде белгілі болғандай, тек бір апта ішінде, яғни 1 және 7 маусым аралығында халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 29 жол-көлік оқиғасы болған. Апаттар салдарынан 16 адам көз жұмып, 50 адам жарақат алды», - делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының, сондай-ақ, «Жол активтері сапасы ұлттық орталығының» РМК, «ҚазжолҒЗИ» АҚ, «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және «ҚазақАвтожол» ЖШС өкілдері қатысқан жиын барысында жол қауіпсіздігі жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен сарапшылардан құралған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, белгілі бір жол учаскелерінде қозғалыс 2+1 типі бойынша ұйымдастырылса, қауіптілігі жоғары жол учаскелерінде металл қоршаулардың орнына, сым арқаннан жасалған қоршаулар орнатылатын болды.

«Сондай-ақ ұшақ және пойыз апаттарын тергеу аналогиясы бойынша Қазақстан жолдарындағы жол инфрақұрылымы мен көлік құралдары құрылымынң жол-көлік апаттарына әсерін анықтау мақсатында Апаттарды инженерлік-техникалық тексеру және талдау жөніндегі арнайы комиссиялар құрылатын болды. Сонымен қатар, жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйелері құқықбұзушылықтар туралы деректерді беру және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету үшін әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен біріктірілетін болды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.