Психологиялық тұрғыдан мықты болуы керек – 20 жыл автобус тізгіндеген семейлік жүргізуші
Қанат Толықпаев 20 жылдан бері автобус жүргізеді

Еліміздің тұрақты дамуына қарапайым еңбек иелерінің қосар үлесі зор. Солардың бірі – қыстың қақаған суығында, жаздың аптап ыстығында жол үстінде жүретін автобус тізгіндеген жүргізушілер. Олар мереке мен демалыс күндеріне қарамастан қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, жүздеген жолаушыны діттеген жеріне жеткізеді. Семей қаласындағы «Таксомоторлы парк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушісі Қанат Толықпаевтың осы салада жүргеніне 20 жылдан асты. Ол өзінің еңбек жолы, мамандығының қиындығы мен қызығы жайлы ой өрбітті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ол 1974 жылы 28 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты Сәтбаев совхозында дүниеге келген. 1989-1991 жылдары №17 кәсіптік-техникалық училищеде «машинист-тракторист» мамандығы бойынша білім алып, әскер қатарында азаматтық борышын өтеген. Кейінгі жылдары әртүрлі салада еңбек еткен ол қоғамдық көлік саласында маман болып біржола тұрақтаған.
«Автобус жүргізушісі болу – үлкен жауапкершілікті мойынға алу. Халыққа тікелей қызмет көрсетіп, көліктегі әр адамның қауіпсіздігіне жауап береміз. Күнделікті жұмыс таңғы сағат 6:00-ден басталып, кешке дейін жалғасады. Таңертең міндетті түрде медициналық және техникалық тексерістен өтеміз. Медбике қан қысымымызды, жалпы денсаулық жағдайымызды бақыласа, техник мамандар көліктің жолға жарамдылығын тексереді. Олардың рұқсат қағазын алған соң ғана жұмысқа кірісеміз», – дейді Қанат Толықбаев.
Ол бүгінгі таңда Семей қаласындағы 28-маршрутты басқарады. Айтуынша, автобус жүргізушісінің жұмысы сырт көзге жеңіл көрінгенімен, темірдей тәртіп пен төзімділікті қажет етеді. Ол жолаушылардың 90 пайыздан астамы сыпайы екенін айтады. Кейбірі әзілдесіп, көңіл-күйін көтеріп кетеді, кейбірі «күніңіз сәтті өтсін» деп тілегін айтып кетеді. Дей тұрғанмен жол ақысын төлемей, айқай шығаратындар да жоқ емес.
«Алдыңнан жол ережесін бұзып өтетіндер де болады, кейде жастар тарапынан орынсыз мінез байқалады. Мұндайда ашуға ерік бермей, сабыр сақтаймыз. Жүргізуші психологиялық тұрғыдан мықты болуы керек. Жолаушыға толы автобуста жанжал шығарып, тыныштықты бұзу кәсібилігімізге сын болады. Ең алдымен қауіпсіздікті ойлауымыз керек. Сондықтан үнемі салмақты болуға тырысамыз», – дейді ол.
Қанат Толықпаевтың жұбайы, екі баласы және немересі бар. Ұлы – студент, дене шынықтыру саласында оқып жүр, қызы медициналық жоғары оқу орнын тәмамдаған. Семейлік жүргізуші жұмыс орнындағы жағдайға дән риза. Айтуынша, жалақысы уақытылы төленеді, жұмыс сағатына сай үстемеақы мен сыйақы да беріледі.
«Қазір еңбек адамына деген құрмет артып келеді. Жұмыс істегісі келген адамға мүмкіндік бар. Өз ісіңе адал болсаң, ешкім еңбегіңді елеусіз қалдырмайды. Біз де сол сенімге сай болуға тырысамыз. Ұжымымыз жақсы, басшылық тарапынан қолдау бар. Бастысы тәртіпке бағынып, жауапкершілікті ұғынатын әріптестерім көп», – дейді ол.
Қанат Толықбаев өз ұжымында сыйлы адам. Басшылық оның салмақтылығын, бастамашылдығы мен ұқыптылығын жоғары бағалайды. Оның қызмет барысында кездесетін кез келген қиын жағдайды сабырмен өткеріп, шешім қабылдай алатынын ерекше атап өтті.
Биыл – қарапайым еңбек адамдарының абыройын асқақтатып, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түсуге бағытталған Жұмысшы мамандықтар жылы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың маңызын айрықша атап өтіп, еңбек адамының мәртебесін көтеруге басымдық берілуі қажет екенін қадап айтқан болатын.