Алматының экологиялық ахуалына автокөліктерді кінәламаймын – Экология министрі
Қаладағы лас ауаның 48%-ы ЖЭС-тен бөлініп шығады

Экология министрлігі Алматы ауасын карантинге дейін және карантиннен кейін тексеріп салыстырған. Дегенмен, мамандар үлкен айырмашылық болмағанын айтып отыр.
«Қызық деректер таптық. Біріншіден, біз бұрын 2-ші ЖЭС-тің ауаға әсері соншалықты үлкен емес деп ойлап келдік. Ашығын айтқанда, бәріне автокөліктерді кінәладық. Бірақ карантин кезінде қаланың төмен жағына – Боралдай ауданы Төле би көшесіне дейінгі аймаққа сол жылу станциясының ықпалы бар екенін байқадық», - деді ведомства басшысы бүгінгі брифингте.
Қала ауасының ластануына 3-ші ЖЭС те айтардықтай әсерін тигізіп жатыр дейді ведомство өкілдері.
«Бұрын 3-ші ЖЭС Алматы облысына қарағандықтан назар аудармай жүргенбіз. Оның кесірі Түрксіб ауданына, әуежай маңы мен Талғар ауданына дейін тиеді. Қазіргі болжам бойынша, лас ауаның 52%-ы автокөліктердің, 45%-ы екі ЖЭС-тің әсерінен. Сонымен қатар, Алматы облысындағы газ бармаған жекеменшік сектор да ықпалын тигізеді», - деп айтты Мағзұм Мырзағалиев.