Маңғыстауда ҰБТ тапсырған балалардың 37 пайызы төмен балл жинаған – Тоқаев
Президенттің айтуынша, биыл да балалар нашар баға алған

Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы оқушылардың білім сапасына қатысты ой қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткен екен. Алайда, оның қорытындысы көңіл көншітпеген.
«Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни, 20 пайызы оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған. Бұл – еліміздегі ең нашар көрсеткіштің бірі», - деді Ақорда.
Жалпы, биыл қаңтар айындағы тестілеуге 8 мыңнан астам оқушы қатысқан.
«Оның үштен бірі шекті көрсеткіштен өте алмаған. Облыстағы ауыл және қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы – өзекті мәселенің бірі. Тіпті Ақтау мен Жаңаөзендегі мектептердің білім деңгейінде айырмашылық бар. Мектептегі орын тапшылығы азаймақ түгілі көбейіп барады. Қазір 14 мыңға жуық орын жетіспейді», - деген президент осы мәселені шешу үшін облыс басшылығына тиісті тапсырма берді.