Жамбыл облысында 2 мектеп директоры мен ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды
Педагогтар құқығын бұзу деректері бойынша нақты шаралар қабылданды
2020 жылдың сәуірінде педагогты кәсіби қызметіне қатысы жоқ әр түрлі жұмыстарға тартуға жол бермейтін, педагогтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа нормалар күшіне енді. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі күні Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер педагогтардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша бірқатар шаралар қабылдады.
Педагогтарға тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу міндеттерін жүктеу фактісі бойынша Қостанай облысындағы орта мектеп директорына «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының екі мектебінің директорларына мұғалімдерді оқу кабинеттерін жөндеуге тартқаны және педагогтардан ҚР заңнамасында көзделмеген есептілікті талап еткені үшін «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды
«Жамбыл облысында мектеп мұғалімінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін былапыт сөздермен қорлау жағдайы анықталды. Аталған құқықбұзушылық үшін бесінші сынып оқушысының ата-анасына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - делінген хабарламада.
Осылайша, білім беру саласындағы уәкілетті орган педагогтардың Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын азаматтық және лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада көзделген барлық шараларды қолданады.
Педагогтардың құқықтары бұзылған жағдайда орналасқан жері бойынша аумақтық департаментке хабарласуды ұсынамыз.