Енді Бурабайды жазда тікұшақпен аралауға болады: турдың құны бір адам үшін – 60 мың теңге
Әуе экскурсиясы 20-25 минутқа созылады

Естеріңізде болса, былтыр күзде туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай курортының үстімен тікұшақпен ұшып өтіп, алғашқы әуе экскурсиясы іске қосылатынын сүйіншілеген еді. Azattyq Rýhy туристерге арналған тікұшақ туры туралы толығырақ ақпарат алу үшін Туризм және спорт министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігіне ресми сауал жолдаған.
Бурабайға қыдырып баратын туристер үшін тікұшақ экскурсиясын іске қосу Ақмола облысы туризм басқармасының идеясы екен. Бұл Щучье-Бурабай курортының қонақтары мен туристері үшін туристік өнім түрлерін кеңейту мақсатында жасалған. Негізгі идея — Бурабай қонақтары үшін жаңа туристік өнім ұсыну, дейді әкімдіктегілер.
Қазақстандықтар Бурабайды тікұшақпен биыл маусым айынан бастап аралай алады деп жоспарланып отыр.
«Тікұшақ экскурсиялары әдетте таңертең басталып, кешке дейін жалғасады, бұл көп жағдайда ауа райына байланысты болады. Экскурсияның ұзақтығы таңдалған бағытқа сәйкес 20-25 минутқа созылады. Тікұшақтың сыйымдылығы оның моделіне байланысты, бірақ әдетте 3–5 жолаушыға арналған. Сонымен қатар, Ақмола облысының туризм басқармасы үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) туристерге сұраныс бойынша ұсынылатын аудиогидтерді әзірледі», - дейді туризм және спорт министрлігі.
Бурабайдың сұлу табиғатын әуеден тамашалау да арзан емес. Бір адам тікұшақ туры үшін 60 мың теңге төлеуі керек. Ал тікұшақ экскурсияларын Қарағанды қаласында орналасқан авиациялық жұмыстармен айналысатын жекеменшік компания – «Авиациялық Оқу-жаттығу орталығы» ЖШС ұйымдастырады.
«Тікұшақ экскурсиясының құны ұшу ұзақтығына, бағытына және тікұшақтың түріне байланысты өзгеруі мүмкін. Жалпы бір адам үшін баға 60 000 теңгеден басталады. Бағаны ұйымдастырушы компания «Авиациялық Оқу-жаттығу орталығы» ЖШС белгілейді. Бағаны белгілеу кезінде жанар-жағармай шығындары, тікұшақтың техникалық қызметі және басқа да шығындар есепке алынады», - деп атап өтті министрлік.
Әзірге экскурсия үшін 1-2 тікұшақты пайдалану жоспарланып отыр. Ал жалпы тікұшақтардың саны сұраныс пен жобаның ауқымына байланысты болмақ.
Тікұшақтарды жекеменшік компания өз ақшасына сатып алады. Әуе кемелерін Airbus Helicopters және Robinson Helicopter Company сияқты халықаралық компаниялар жеткізеді.
«Бурабайды тікұшақпен аралағысы келетін туристердің қауіпсіздігі үшін кім жауап береді?» деген сұрағымызға:
«Тікұшақты Қазақстанның және шет елдердің авиациялық оқу орталықтарында, ұшу құрамасын дайындауға лицензиясы бар мекемелерде оқитын пилоттар басқарады. Туристердің қауіпсіздігіне жауапкершілікті экскурсияларды ұйымдастыратын компания өз мойнына алады», - деп деп жауап берді министрлік.
Тікұшақ турын ұйымдастыратын «Авиациялық Оқу-жаттығу орталығы» ЖШС туралы не білеміз?
Осыдан тура бір жарым жыл бұрын Қарағанды облысында оқу-жаттығу орындап жүрген ұшақ құлап, салдарынан ұшқыш-нұсқаушы мен әскери институттың курсанты қаза тапқан еді. БАҚ бетінде апатқа ұшыраған ұшақ «Авиациялық оқу-жаттығу орталығы» ЖШС-ға тиесілі екені хабарланды.
Азаматтық авиация комитеті «Авиациялық оқу-жаттығу орталығы» ЖШС 2022 жылы 25 қарашада «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ берген АОО сертификаты негізінде авиациялық персоналды кәсіби даярлау қызметін жүзеге асыратынын атап өткен.