$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жүк көлігінің тіркемесі үстіне құлаған»: Қызылордада қаза тапқан жұмысшының әйелі сотқа жүгінді

Қызылорда облысының бақылау басқармасы жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп таныды

«Жүк көлігінің тіркемесі үстіне құлаған»: Қызылордада қаза тапқан жұмысшының әйелі сотқа жүгінді
Фото: © istockphoto.com

Қызылорда қалалық соты жұмысшының қазаға ұшырауына байланысты оның әйелі талап еткен моральдық зиянды өндіріп беру туралы істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.

2023 жылы Қызылорда қаласының тұрғыны Б. мен «M» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында ақылы қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалған болатын. Серіктестік Б.-ға күнделікті жұмысы үшін 9000 теңге төлеп, зейнетақы мен әлеуметтік жарналарды аударуға міндеттенген.

Алайда, 2024 жылдың 11 наурызында жұмыс орнында қайғылы жағдай орын алды. Жұмыс берушіге тиесілі «Камаз» жүк көлігінің тіркемесі Б.-ның үстіне құлап, ол ауыр жарақаттар алып, сол жерде қайтыс болған. Жазатайым оқиғаны тексеру нәтижесінде Қызылорда облысының бақылау басқармасы жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп таныды.

Жұмысшының әйелі А. осы оқиғаға байланысты Қызылорда қалалық сотына жүгініп, жұмыс берушіден моральдық зиянды өндіріп беруді сұрады. Ол сотта күйеуінің еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан қайтыс болғанын, үш баласы бар екенін, жұмыссыз екенін, материалдық қиындықтар мен жан күйзелісін тартып жатқанын мәлімдеді.

«Сот талап қоюшының дәлелдерін негізді деп тауып, жұбайының қазаға ұшырауы оның жан азабына алып келген деген тұжырым жасады. Сонымен қатар, сот жұмыс берушінің марқұмның отбасына жаназа шығындары мен басқа қажеттіліктерге 1 576 000 теңге көлемінде көмек көрсеткенін ескерді. Нәтижесінде, сот шешімімен серіктестіктен талап қоюшының пайдасына 3 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енбеген», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары