Астана мен Алматыда қазақ-неміс мектебі ашылады
Қазір жер бөлу процесі жүріп жатыр
Биыл қыркүйектің ортасында Германия канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға ресми сапары барысында қазақ-неміс мектебін ашу туралы меморандумға қол қойылған болатын. Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев білім ордасы қай өңірде ашылатынын және оның артықшылығы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Германия тарапы қазір екі қаланы қарастырып отыр.
«Олар - Алматы және Астана. Қазір екі мектеп үшін жер бөлу процесі жүріп жатыр. Қазақ-неміс мектебінде интеграцияланған бағдарлама болады. Германияның әлемде 134-135 мектебі бар екен, яғни басқа елдерде мектеп ашу тәжірибесі жақсы дамыған. Сол жердегі бағдарламаларын бізге әкеліп көрсетеді. Ары қарай біз қазақстандық бағдарламалардың мазмұнына кіргіземіз. Сөйтіп интеграцияланған бағдарлама жасалады. Міндетті түрде қазақ тілі, Қазақстан тарихы, Қазақстан географиясы, қазақ әдебиеті кіреді. Себебі қандай мектеп болмасын, ол жерде ең алдымен қазақ балалары білім алады. Олар екі диплом – Қазақстанның аттестаты мен неміс мектебінің дипломын алып шығады», - деді Жұмашев Мәжіліс кулуарында.
Комитет төрағасы қазақ-неміс мектебінде Қазақстанның мұғалімдері сабақ беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, оның айтуынша, мектеп құрылысы үшін инвесторлар тартылады. Құрылыс жұмыстары ұзаққа созылатындықтан, білім ошақтарын болжаммен 2026 жылы ашу жоспарланып отыр.