Мемлекеттік сатып алу бойынша құны 2,2 млрд теңгенің конкурсы жойылды
Жамбыл облысының прокуратурасы заң бұзушылықты анықтады
Жамбыл облысының прокуратурасы 2,2 млрд теңге сомасына мемлекеттік сатып алу конкурстарының күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Себебі, мемлекеттік сатып алуды талдау шеңберінде мәліметтерді бұрмалау фактісі анықталған.
«Қатысушылардың бірі өз біліктілігі туралы дұрыс емес мәліметтер берген. Ол бұрын орындалған объектілер туралы ақпаратты бұрмалайтын құжаттарды веб-порталдың электрондық депозитарийіне салып, нәтижесінде жұмыс тәжірибесін арттырған. Бұл жосықсыз қатысушыны құны 2,2 млрд теңге болатын сумен жабдықтау объектілерін салуға арналған конкурстың жеңімпазы деп тануға негіз болған», - деп хабарлады Жамбыл облысының прокуратурасы.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде облыс әкімдігі мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы және конкурстардың қорытындыларын жарамсыз деп тану туралы МАЭС-ке талап қою енгізді. 07.08.2024 жылы талап қою толығымен қанағаттандырылды.