Қала тұрғынын есірткі тасымалдауға мәжбүрлеген қостанайлық экс-полицейге сот үкімі шықты
Сот оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Қостанай полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған Арман Амзе, процестің барысында анықталғандай, бірнеше қылмыс жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алау ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
«Сот төрелігіне, мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыс, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен адамгершілігіне қарсы аса ауыр қылмыс жасады, ол есірткі заттары мен психотроптық заттар аналогтарының заңсыз айналымымен байланысты», — деді судья Ляззат Мұхамеджанова.
Сот 2022 жылдың қазан айында Амзе мен басқа да полицейлер алдын ала сөз байласып, қала тұрғынын ұрып-соғып, тағы бір адамды аса ауыр қылмыс жасауға, яғни есірткі тасымалдауға мәжбүрлегенін анықтады. Кейіннен олар бұл адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Үшінші қала тұрғыны Амзеден бірнеше рет қайта сату үшін есірткі алған. Тергеу барысында дәлелденгендей, осыдан түскен 930 мың теңге сомасындағы ақшаны полицей алған.
«Сотталушы жасаған қылмыстарын мойындамағанына және қорғаушы тарап қылмыстық құқық бұзушылықтардың болмауына байланысты оны ақтауды сұрағанына қарамастан, аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар дәлелденді», — деп атап өтті судья.
Сот айыпталушының кінәсін жеңілдететін мән-жай ретінде оның асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Бұған дейін айыптау тарапы Амзеге 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.
«Жазаларды ішінара біріктіру арқылы сот түпкілікті 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот мемлекеттік айыптаушы мен басқа да қатысушылардың пікіріне тәуелді емес, сондықтан сотталғанды түзетуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын болдырмауға тағайындалған бұл жаза жеткілікті деген қорытындыға келді», — деп үкімді оқыды судья.
Бұрынғы полицей жазасын орташа қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сонымен қатар ол полиция капитаны атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.