Қосшыда әлеуметтік осал топтағы жандарға жүзден аса пәтер берілмек

Azattyq Rýhy

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пәтерлердің сапасын өзі тексеріп қайтты

Қосшыда әлеуметтік осал топтағы жандарға жүзден аса пәтер берілмек
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Қосшы қаласында халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына арналған 120 пәтерді сатып алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Қосшы қаласына жұмыс сапары аясында Ақмола облысының  әкімі Марат Ахметжанов «Лесная поляна» тұрғын алабында, сондай-ақ кезекте тұрғандар үшін пәтер берілетін «Ақ шаңырақ» және «Dream Park» тұрғын үй кешендерінде болды. Алғашқы 20 пәтерде қоныс тойы жақын арада тойланады.

«Алтын ұя 2021» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Азамат Әміржанов «Dream Park» ТК құрылысы мен әрлеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізілгенін хабарлады. Пәтерлер таза әрленген күйінде, іші газ плиталарымен жабдықталған.

«Қосшы қаласындағы 120 пәтерді сатып алуға бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы облыс бойынша осы санатқа жалпы құны 16 млрд теңгені құрайтын 840 пәтер бөлінеді», - деп атап өтті құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышев.

Кездесу соңында өңір басшысы басты талап - тұрғын үйдің сапасы және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету екендігін, сондай-ақ ішкі әрлеу жұмысының да  сапасы маңызды екенін атап өтті.

«Пәтерлер тұрғын үй алатын әрбір отбасы үшін қосымша шығынсыз, бірден келіп тұра алатындай барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Марат Ахметжанов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.