Ақтөбеде уақытша ұстау изоляторынан күдіктілердің қашып кетуіне жол берген күзетшілер сотталды
Қамаудан қашқандар 4-сағаттың ішінде ұсталып, изоляторға жеткізілді
Ақтөбедегі уақытша ұстау изоляторының үш қызметкері тәуліктік кезекшілікке түсіп, артынша түнде үшеуі де жұмыс орнында ұйықтап қалған. Салдарынан УҰИ-нан үш сотталушы қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қамауда отырғандар камераның есігін ашып, күзетшілерді оятпау үшін аяқ киімдерін шешіп, кіреберіс есікке жақындап, магниттік құлыптың сымдарын үзіп, көшеге шығып кеткен.
Қамаудан қашқандар 4-сағаттың ішінде ұсталып, изоляторға жеткізілді.
Жұмыс орнында ұйықтап қалған күзетшілерге сот үкімі шықты.
«Уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері «Н» және «И» кінәсін мойындады, ал «С» кінәсін мойындамады. Мемлекеттік айыптаушы соттан әрқайсысына 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық жауаптылықты және жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот сотталушылар «И» және «Н» қылмыс жасағандарына шын ниетпен өкінуі, «И» асырауында төрт кәмелет жасына толмаған балалары барын ескереді», - делінген хабарлмада.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, немқұрайлылық танытқаны үшін үшеуі де бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сондай-ақ сот Ақтөбе полициясының басшылығына жеке қаулы шығарып, бағыныштылардың жұмыс орнында ұйықтап қалмауы үшін шаралар қабылдауды міндеттеді.