$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Сарбаздардың ата-аналары Петропавлға гуманитарлық көмек жіберіп жатыр

Олар елдегі жағдайға бейжай қарай алмаймыз дейді

Сарбаздардың ата-аналары Петропавлға гуманитарлық көмек жіберіп жатыр
Фото: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан академиясының 3 курс курсанты сержант Алдияр Орынбастың Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылында тұратын ата-анасынан Петропавл қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына жіберген гуманитарлық көмегі жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл көмек тек бір ғана отбасының емес, Түрген, Еңбек ауылдарының және басқа да елді мекен тұрғындарының атынан келіп отыр. Қызылжар өңіріне жеткен бұл жолғы гуманитарлық көмекке тұтас аудан тұрғындары атсалысқан.

«Елімізде болып жатқан табиғи апатты көріп отырған соң жай қарап отыра алмадық. Түрген ауылдық округының қауымдастық мүшесі болғаннан кейін ауыл азаматтарына үндеу тастап, тасқыннан қиындық көріп отырған өңірлерге қолдау білдіргіміз келді. Жан-жақтағы жағдайды бағамдай келе, азды-көпті көмегімізді Солтүстік Қазақстан облысына жолдауды жөн көрдік. Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан академиясында ұлымыз Алдияр Орынбас білім алып жатыр. Әскери саланы таңдаған баламыз қазіргідей кезде облыс орталығына жақын жердегі ауыл тұрғындарына қаруластарымен бірге көмек қолын созып жүр. Сондықтан біз де бұл мәселеге бей-жай қарамай осы өңірге көмектесуге ниеттендік», - деді таутүргендік курсанттың әкесі Бекзат Дүкенбаев.

Қарапайым халық жинап берген қажетті заттарың арасында сумен бетпе-бет келіп, күндіз-түні бөгет соғып жүрген азаматтар үшін ылғал өткізбейтін арнайы киімдер мен құрал-саймандар бар. Сонымен қатар көмекке мұқтаж тұрғындар үшін төсек-жабдық, тұрмыстық өнімдер, азық-түлік секілді өзге де маңызды заттар жиналған. 2 мың шақырым жолды артта қалдырған жүк көлігі Ұлттық ұлан академиясына жақын жерге тоқтады. Қазіргі сәтте курсанттар заттарды қабылдап алуда.

«Петропавл қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына қолдау білдіргені үшін Еңбекшіқазақ ауданының азаматтарына алғыс айтамыз. Ауызбіршілік танытқан ауыл адамдарының бұл әрекеті қандай құрметке болса да лайық. Демеушілік білдірген жандардың арасында біздің курсанттардың ата-аналарының бары да қуантады. Келіп жеткен гуманитарлық көмек жергілікті тұрғындарға жеткізіледі», - деді Ұлттық ұлан академиясының 1 оқу батальонының командирі полковник Рауан Усбанов.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі  хабарлағандай, бүгінде облыс орталығына жақын жердегі елді мекендерде судың деңгейі төмендеп келе жатыр. Алайда жергілікті тұрғындар су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін деп алаңдаулы. 

 

 

Серіктес жаңалықтары