Жасанды интеллект қазақша сөйлейді

Темірхан Айжан

Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды

Жасанды интеллект қазақша сөйлейді
Фото: freepik.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді», - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев жасанды интеллект саласындағы маман тапшылығын шешу кезек күттірмес мәселенің бірі екенін атап өтті.

«Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс», - деді Президент.

Тоқаев Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланып, жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек екенін атады.

«Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс», - деді ол елордадағы жиында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.