Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды

Темірхан Айжан

Қаныш Сәтбаев саналы ғұмырын қазақ даласының байлығын зерттеуге арнаған

Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды
Фото: e-history.kz

Бүгін қазақтың тұңғыш геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қаныш Сәтбаев – Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым Академиясы тұңғыш президенті.

Қаныш Сәтбаев көп жылдар бойы Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді, Жезқазғанның жер асты байлығын анықтап, көптеген кен орындарын ашты. Оның ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде Ембі мұнайы, Ақтөбе даласында газдың мол қоры бары анықталған.

Сәтпаев 641 еңбектің авторы, оның 534-і орыс тілінде, 98-і қазақ, қалғаны басқа тілдерде жазылып, жарық көрді. Ол Қазақстанның минералдық қоры, мыс рудалары, түсті металдары, көмір, мұнай, газ, басқа да шикізат ресурстары жайында жазды.

Қаныш Сәтбаев тек ғылыммен ғана емес, қазақтың тарихын, әдебиетін, өнерін зерттеумен айналысты. Оның сегіз қырлы бір сырлы болмысын жазушы Мұхтар Әуезов былай деп сипаттаған: «Қаныштың үлкен бір ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі», - дейді жазушы.

Қаныш Сәтбаев 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.