Мәжіліс жылу энергетикасы жайлы жеке заңды бірінші оқылымда мақұлдады
Мұндай заң алғаш рет әзірленіп отыр
Заң жобалары жайлы қосымша баяндамаға оқыған Еділ Жаңбыршин негізгі және ілеспе заң жобаларындағы басты басымдықтар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары жылу электр орталықтарында және жылу магистралдарында орын алған ірі апаттар бойынша жүргізілген талдаулар, апаттардың негізгі себептерінің бірі ретінде – жылу энергетикасы саласындағы құқықтық қатынастардың заң тұрғысынан өте әлсіз реттелгенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда жылу энергетикасын реттеу негізінен электр энергетикасы туралы заң аясында қаралған», - деді ол.
Жаңбыршин атағандай, энергетика саласында қордаланған жүйелік мәселелердің бар екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бірнеше рет айтқан болатын.
«Президент осы жылдың ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «...еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отыр. «Салаға түбегейлі реформа жүргізген жөн. Ол үшін жүйелі жұмыс атқару қажет» - деді. Жылу энергетикасын жүйелі түрде мемлекеттік және заңнамалық тұрғыдан реттеу үшін, Үкімет жылу энергетикасын жеке сала ретінде қарастырып, арнайы бөлек «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасын 2022 жылы әзірлеп, 2023 жылдың басында Мәжіліске енгізді», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін заң деңгейінде бекіту арқылы, жылу энергетикасын дамытуда жүйелі мемлекеттік саясат іске асырылады.
«Бұл ретте жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау құзыреті Энергетика министрлігіне беріледі. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган жылу энергиясын тұтыну саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын болады. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау функциялары қайта қаралады. Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау Комитетінің құзыреті барынша күшейтіледі. Бүгінде Кәсіпкерлік Кодекстің қолданыстағы редакциясында мемлекеттік энергия қадағалау инспекторларының жылу электр орталықтарына және басқа да электр станцияларға баруы заңмен шектелген. Мысалы инспекторлар, алдыңғы жылы қандай да бір нысанда ірі апат орын алған болса немесе берілген нұсқамалар орындалмаса, тек сондай жағдайда ғана сол нысанға кіре алады. Яғни постфактум бойынша жұмыс істейді. Жылу энергетика субъектілеріне қатысты алдын алу және профилактика жұмыстары жүргізілмейді, ықтимал апаттардың себептерін анықтау жөніндегі жедел жұмыстар мүлдем іске асырылмайды», - деді ол.
Еділ Жаңбыршин атағандай, негізгі заң жобасымен бірге екі ілеспе заң жобалары қарастырылып жатыр.
«Біріншісі теңгерімдеуші нарық тетіктерін және электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны енгізу бөлігінде электр энергетикасы саласын реформалауға бағытталған толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы. Бұл тетіктер электр нарығында өткен жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істеп жатқаны баршамызға мәлім. Сонымен қатар, іс жүзінде кішігірім кемшіліктер анықталуда, олар – электр энергиясын сатып алудағы басымдық, мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамамен үйлесімділіктің болмауы. Сонымен қоса, энергетика нарығында тарифтерді негізссіз көтеріп және супер пайда көріп, энергетика саласына 1 тиында инвестиция салмай делдалдық қызмет атқарып отырған энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жою жөнінде депутаттар арнайы нормаларды енгізді. Бұл түзетулер концептуалды болғандықтан Үкіметтің қорытындысына жіберілді», - деді ол.
Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне жылуэнергетика саласына қатысты жауапкершіліктер қарастыратын келесі толықтырулар мен өзгерістер енгізілді:
- жылуэнергетикалық орталықтарда және қазандықтарда бекітілген нормативтік отын қорын сақтамағаны үшін;
- әр түрлі субъектілердің заңсыз жылу жүйелеріне қосылғаны үшін;
- жылумен қамту субъектілерінің уақытында, дұрыс, толық емес ақпарат бергені үшін;
- жылумен қамту субъектілерінің жылу маусымына дайындық паспортын уақытында алмағаны үшін және басқалар.
«Бүгінгі таңда мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, энергетикалық компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің және сарапшылардың қатысуымен үш заң жобасы бойынша: таныстырылым, дөңгелек үстел және жұмыс тобының 12 отырысы өткізілді. Жалпы алғанда, депутаттардың 400-ден астам ұсыныстары қаралып, талқыланды. Үш заң жобасы бойынша Мәжілістің барлық комитеттері оң қорытындыларын берді және заң жобасының тұжырымдамасын қолдап отыр», - деді ол.
Осылайша, Мәжіліс бірінші оқылымда «Жылу энергетикасы туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) ҚР заңдарының жобаларын мақұлдады.