20 наурыз – Ұлттық спорт күні
Қазақта онға жуық ұлттық спорт түрлері бар
Бүгін – Жаңару күні. Бұл күні еліміз бойынша ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
20 наурызда Наурыз мейрамын тойлау аясында елордадағы «Арғымақ» ат-спорты кешенінде ұлттық спорт күніне арналған «НАУРЫЗНАМА: Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасы өтеді. Бұл туралы Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мәлім еткендей, мерекелік іс-шара аясында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары жоспарланған.
«Қонақтарға қазақы тазы және бүркіт көрсетіледі. Сондай-ақ, қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық спорт ардагерлерін марапаттау рәсімі және мерекелік концерттік бағдарлама өтеді», – делінген хабарламада.
Іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Астана қаласының әкімдігімен бірге ұйымдастырды.
Ұлттық спорт түрлері – еліміздің бренді. Қазақ халқы ежелден барлық мерекелерде жарыс ұйымдастырған.
Ұлттық спорт түрлеріне мыналар жатады:
- Аударыспақ
- Бәйге
- Асық ату
- Жамбы ату
- Көкпар
- Қазақша күрес
- Жекпе-жек өнері
- Жыртқыш құстармен аң аулау
- Тоғызұмалақ