Өскеменде қаңғыған ит көбейіп, тұрғындарды талап жатыр
Ал ветеринарлар қаңғыған иттерді жаппай қырып тастауға құқымыз жоқ деп отыр
Өскеменде қаңғыған иттер адамдарға шабуылдап жатыр. Қараусыз қалған бұралқылар тұрғындарды қауып жатыр. Жұрт иесіз иттердің көзін құртуды талап етуде. Өйткені көшеде емін-еркін жүруден қалдық дейді. Бұл туралы Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Топталған бұралқылардың кесірінен жұрт көшеде емін-еркін жүруден қалдық дейді. Үрейі ұшқан қараша мамандардан көше кезген иттердің көзін құртуды талап етіп отыр.
«Иттер көшеде өріп жүр. Биыл тіпті көбейіп кетті. Балалар түгілі, өзіміз көшеде жүруден қалдық. Арасында үлкен иттер де бар. Сабақтан қайтып келе жатқан ұлымды да талап тастай жаздады. Ешкім иттердің көзін құртуға асықпайды. Хабарласпаған жеріміз қалмады», - дейді Елена Овсюкова.
Ал ветеринарлар қаңғыған иттерді жаппай қырып тастауға құқымыз жоқ деп отыр, тек шағым түскенде ғана аулайды. Оның өзінде Өскемен қаласы бойынша қаңғыбас ит-мысықтармен күрес жүргізетін мекеме әлі анықталмаған. Дегенмен мамандар жарияланған байқау қорытындысы жақында шығады деп отыр.
«Өскемен қаласы бойынша ұйымдастырылып жатқан конкурстың қорытындысы бүгін белгілі болады. «Өскемен-Вет» мекемесінің қызметкерлері түскен шағымдар бойынша ит-мысықтарды аулап жатыр. Бүгінде 245 ит-мысық ауланды», - деді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Жәнкебаев.
Мамандар жыл басынан бері 849 қаңғыбас ит-мысық аулаған. Олар иесіз жануарларды арнайы орынға орналастырып бағып-қағуға мәжбүр. Қазір аймақтың ит- мысығына әзірленген алты бағдарламаны жүзеге асыруға 91 миллион бөлінген. Енді саяжай тұрғындарының талабы байқау қортындысы шыққаннан кейін жүзеге асырылады.