$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімізде ғалым әйелдерге арналған марапат тағайындалды

Қазақстан мен Орталық Азияның тұңғыш әйел-академигі Наиля Базанова атындағы  марапат тағайындалды

Елімізде ғалым әйелдерге арналған марапат тағайындалды
Фото: ҚР ҰҒА баспасөз қызметі

Алғаш рет ғалым-әйелдерге арналған Ұлттық ғылым академиясының марапаты тағайындалды. Қазақстан мен Орталық Азияның тұңғыш әйел-академигі Найля Базанова атындағы марапат отандық ғылымның одан әрі дамуын ынталандыру мақсатында тағайындалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы салтанатты іс-шара өткізді. Оған еліміздің әр өңірінен келген жетекші ғалым - әйелдер қатысты.

Нәзік жандардың саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы жетістіктерін атап өткен Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев әйелдерді құттықтады.

«Халқымыз «Жұмақ – Ананың ізінде, шуақ – Ананың көзінде» деген. Бүгінгі таңда әйелдердің қоғамдағы алар орны ерекше. Ол жанұяның қамқоршысы ғана емес, ол қоғамның барлық саласының дамуына орасан зор үлес қосып отырған белсенді тұлғасы деп толығымен айтуға болады. Соның ішінде нәзік жандардың ғылым мен білім беру  саласының дамуына қосар үлесі айтарлықтай. Статистикалық деректер бойынша жыл сайын ғылыми жұмыстармен шұғылданатын әйелдердің үлесі тұрақты түрде артуда. Мәселен, егер 2015 жылы олардың үлесі 50 пайыз болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 54,5 пайызға жетіп отыр. Яғни, осы саладағы жетістіктердің басым көпшілігі  нәзік жандардың еңбегі десек артық айтпаған болар едік», - деді Күрішбаев.

Ғылымды дамытуда әйелдердің үлесі ғалымдардың жалпы санының 60%-ға жуығын құрайды. ХХ ғасырдың басына дейін әйелдер қатал кемсітушіліктен зардап шекен, ғылым саласында да оларға шектеулер көп болды. Оларды ғылымға жақындатпаған және қабілетсіз деп санаған. Сол кездегі жанашырлар көптеген кедергілерді жеңуге, ерлердің бүркеншік атын алуға мәжбүр болды және әйелдердің жұмыстары мен ашқан жаңалықтары көбінесе ер ғалымдардың атынан жарияланған.

«Президент жанындағы Ұлттық академия атынан сіздерге осындай қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Халықаралық әйелдер күнін біз әрқашан да көктеммен бірге келетін өмірдің жылулығы мен сұлулығының символы ретінде қабылдаймыз. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтің бастамасымен біз «Жаңа Қазақстан» құруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Осы кешенді жоспардың ішінде әйелдердің ғылым саласын дамытудағы алар орны ерекше болмақ. Ендеше алдымызда жауапты міндеттер тұр. Оларды абыройлы деңгейде жүзеге  асыруға барлығымыз бірігіп ат салысуымыз тиіс. Осы тарихи маңызы бар істерде ғылым саласында еңбек етіп жүрген Сіздерге, барлық нәзік жандарға табыс тілеймін», - деді ҚР ҰҒА президенті.

Ғалым әйелдермен кездесу офлайн/онлайн форматында өтті. Жиынға еліміздің әр өңірінен 70-тен астам жетекші ғалым-әйелдер қатысып, Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Серіктес жаңалықтары