$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы метрополитені қызметкерлері Үкімет басшысына ұжымдық арыз жазды

Алматы метрополитені арызданушы қызметкерлерге қатысты жауап берді

Алматы метрополитені қызметкерлері Үкімет басшысына ұжымдық арыз жазды
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Алматыдағы «Метрополитен» МКК қызметкерлері мен басшылығы арасында дау туды. Басшылықтан құқай көрдік, құқығымыз тапталды деген метроның кіші басшылық құрамы соңғы күндері жан-жаққа арызды тоқтаусыз жіберіп жатыр. Туындаған проблемаларды тізген метро мамандары құқық қорғау органдарына шағымданғанымен, тиісті мекемелерден мардымды жауап ала алмаған көрінеді. Шыдамы таусылған қызметкерлер енді Үкімет басшысына, Президент аппаратына да үндеу хат жарияламақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қазақстандағы алғашқы және жалғыз Алматы метрополитені 20 жылдан астам уақыт салынып, 2011 жылы пайдалануға берілген. Ол Орталық Азиядағы Ташкент метрополитенінен кейінгі екінші метро саналады.

 

Фото: Әсет Құндақбаев 

«ДАУДЫҢ БАСЫ..»

Метро қызметкерлері мәселенің бәрі кәсіпорынға жаңа басшының келуімен басталды дейді. Айтуларынша, соңғы уақыттар метрополитенге дұрыс жетекші тұрақтамайтын болған. Бұрынғы басшысы С.Т. Телібаев кетіп, орнына директордың міндетін атқарушы болып К.К. Ахметов бекітілген. Ол келгеннен кейін айрандай ұйыған ұжымның берекесі кеткен көрінеді.

«К.К. Ахметов келген соң, экономикалық тергеу департаменті қызметкері Рысжанов екеуі метрополитенді басқара бастады. Рысжанов бір кездері «Сары Арқа» және «Бауыржан Момышұлы» станцияларын салу кезінде «Метрополитен» МКК қызметін тексеруші комиссия құрамында жұмыс істеген. Осылайша, экономикалық тергеу департаменті қызметкерінің «лауазымының арқасында» оның таныстары мен туыстары еш кедергісіз жұмысқа тұра бастады. Рысжановқа сүйеніп, әрі директор Ахметовтің әрекетсіздігін көрген жұмысқа жаңадан алынушылар мемлекеттік ұйымдағы жұмысшыларға қарсы үздіксіз шабуыл ұйымдастырып, қорқытып, ашық әкімшілік қысым көрсетті», - деп жазылған ұжымдық арызда.

Ұжым жұмысшылары кәсіпорындағы бассыздыққа шыдамай, құзіретті органдарға жүгінген. Уәкілетті органдарға ұжымдық шағым жасағаннан кейін кәсіпорында тексеру жүргізіліп,  соның нәтижесінде біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін, «ақша беріп» жұмысқа кірген таныстар мен туыстар жұмыстан шығарылған.

«Жағдай біраз тұрақтанды. Алайда тексеруден кейін К.К. Ахметов ұзақмерзімді емделуге кетіп, кейін ақысыз демалысқа шығып кетті. 2023 жылғы 15 қыркүйектегі метрополитен қызметкерлерінің ұжымдық өтінішін қарау жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен 30 күнтізбелік күннің ішінде директор Ахметов тәртіптік жауапкершілікке тартылуы керек болатын. Бірақ бұл сол күйі орындалмады. Содан кейін директордың міндетін атқарушы болып А.О. Орынбеков тағайындалды», - делінген арызда.

О. Орынбеков бұған дейін Ахметовтің қаржы жөніндегі орынбасары болған. Метрополитен қызметкерлерінің түсіндіруінше, Орынбеков пен Рысжанов бұрынғы басшының саясатын жалғастырып, қызметкерлерге ауыр әрі ыңғайсыз жұмыс жағдайын тудырған. Құзыретті органдарға шағым жасап, өтінішке қол қойғандарға қарсы қысым күшейген.

«КӨЗІҢДІ ҚҰРТАМЫН..»

Қысымға шыдай алмаған білікті мамандар жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Кәсіпорынның мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшылық құрамы тарап кетткен.  

«Өзіне заңның күші жетпейтінін біліп алған Орынбеков ұжым мүшелеріне психологиялық қысым көрсетіп, кәсіпорындағы көңіліне жақпаған жұмысшылардың өмірін қиындатуды жалғастырып жатыр. Нақтылап айтсақ, қолының ұзындығын пайдаланып, қызметкерлерді «жұмыстан қуамын» деп қорқытады, тәртіпке салу шараларын қолданады, өндіріс нәтижесіне төмен баға береді, ұжымның көзінше жұмысшыға ауыр сөздер айтады, құқық қорғау органдарын тілге тиек етіп қорқытады, барлық жұмысшыны «жемқорсыңдар» деп негізсіз кінәлайды. Орынбековтің қалауымен Алматы қаласының метрополитенінде он жылдан артық жұмыс істеген кәсіпорынның бас инженерінің жұмыс шарты ұзартылмай қалды. Ұжымдық өтінішке қол қойған құрылымдық бөлімшелердің басшыларына «ойыңды өзгертіп, қайта өтініш жаз» деп мәжбүрледі, ал келіспеген жағдайда қызметкердің өз еркімен жұмыстан шығуына «жағдай» жасады.

Кәсіподақтың кезекті жиналысында басшыға қарсы арызға қол қойған қызметкердің қадір-қасиетіне тіл тигізе отыра, жұмыстағы бүкіл кем-кетікке кінәлі етіп, сөкті. Осылайша, ойын өзгертпейтін барлық жұмысшыны «қалай да көзін құртамын» деп сөз берді», - делінген Үкімет басшысының атына жазылған ұжымдық шағымда.

Метрополитен ұжымы жаңа басшыларының өмір бойы салық инспекторы болып істегенін, оның дәл метрополитен саласында тәжірибесінің жоқ екенін алға тартады.Ол кәсіпорын қызметіне сәйкес қажетті жұмыс дағдыларын (метрополитенді салуды, техникалық қадағалауды, пайдалануды, күтіп-ұстауды және дамытуды ұйымдастыру) меңгермеген деп отыр. 

Ұжымның айтуынша, метрополитен директорының қызметін атқарушы – салық қызметкері, ал транспортты пайдалану жөніндегі директордың орынбасары – кеденші. Яғни, метроның жай-жапсарын білмейтін, күрделі инженерлік мамандықты оқымаған адамның басшылыққа келуінен кәсіпорында жұмыс істеуге мүлде қолайсыз жағдай қалыптасқан дейді. Қызметкерлер кемшіліктерді тізіп көрсетті: 

1. Метрополитеннің әкімшілік ғимараттарына келуді жиілеткен Экономикалық тергеу департаменті қызметкері Р.С. Рысжанов таныстары мен туыстарын метрополитенге жұмысқа орналастыру арқылы ұжымның ішкі араздығына жол ашты, келіспеушіліктердің республикалық деңгейге шығуына әсер етіп, метрополитеннің іскерлік беделіне нұқсан келтірді.

2. Метрополитен қызметкерлерінен мәжбүрлі түрде бірнеше рет ақша жинады.

3. Мемлекеттік сатып алу порталында тендер және басқа да барлық қажетті конкурстық және қабылдау рәсімдері өткізілмей тұрып, вагондардың дөңгелегіне қойылатын тежегіш төсемдерді қабылдап алды. Біз бұл әрекетте сыбайлас жемқорлық белгілері бар деп санаймыз. Мемлекеттік сатып алу ережелерін бұза отырып, қабылдап алған тежегіш төсемдер вагон дөгелектеріне орнатылып, пайдаланылды. 

4. Орынбековтің метрополитенді салу және пайдалану саласында біліктілік және кәсіби білімі мен тәжірибесі жоқ.

5. Қызметкерлерді моральдық және психологиялық қыспаққа салатын  2-3 сағаттық мағынасы жоқ жиналыстар өткізеді.

6. Ұжымды «өзінің адамдары» және «басқалар» деген категорияға бөледі.

7. Жұмысшы қолайсыз атмосферада жұмыс істеудің мүмкін еместігін айтса, басшы жұмыстан қуатынын, қысқартатынын айтып қорқытады, сонымен бірге «мәселені басқаша шешу үшін» басшының заңсыз әрекетіне көнуге тура келеді.

8. Өзіне ұнамайтын қызметкерлердің жұмысын орынсыз сынап, жанжалды жағдай тудырады, өз мақсатына пайдалану үшін қызметкерлер арасына от салады.

Үкімет басшысының атына жазылған ұжымдық арызда, бюджет қаражатының  «тиімсіз» жұмсалып жатқаны жазылған. Кәсіпорынның 2024 жылға арналған бюджетіне Орынбековтің жеке нұсқауы бойынша 53 (елу үш) миллион теңге сомасына «Бақылау қызметтерін (нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуын тексеруді жүзеге асыру/нұсқаулықтар/ережелер және оған ұқсас талаптар) жүргізуге сатып алу енгізілген. Сатып алудың техникалық сипаттамасында «қаржылық және өндірістік процестерді талдау» деп жазылған. Ал шын мәнісінде, нақты аудиторлық компанияға қойылатын біліктілік талаптарын көрсете отырып, кәсіпорынның аудитін жүргізу үшін енгізілген.

«Бірақ кәсіпорын бюджетінен 8,3 млн теңге қаржылық аудит қызметтері үшін бөлініп қойған. Сонымен қатар кәсіпорында республикалық бюджет қаражатын және көлікті дамытуға бөлінген мемлекет активтерін пайдалану тиімділігі бойынша ҚР жоғары аудиторлық палатасының мемлекеттік аудиті жоспарлы түрде жұмыс істейді. Кәсіпорында жоспарлы түрде сыртқы және ішкі аудиттер үнемі өткізіліп тұратынын ескерсек, бұл қызметтің не үшін алынғанын тек жорамалдай аламыз», - делінген арызда.

Кәсіпорын қызметкерлері өздерінің құқықтары тапталып, әбден зәрезап болғанын айта келе, Еңбек кодексінің 14-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстанның жоғары құзыретті органдарынан аталған заңбұзушылықтарды тексеруді сұрады.

«Метрополитен» МКК басшылығы аталған ұжымдық арызға қатысты жауап берді. Мекеменің берген жауабында, өткен жылдың желтоқсанында тағайындалған директордың міндетін атқарушы жоспарлы тексеріс кезінде бірқатар заңбұзушылықты анықтап, жауапкершілік деңгейін анықтау үшін барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған.

«Өндірістік қызметтің бірқатар қызметкерлерінің еңбек ережелерін бұзғаны анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша барлық материал құқық қорғау органдарына жіберілді, қазіргі кезде былтыр басталған алғашқы тексерістің шешімін күтіп отырмыз. Алдын ала болжам бойынша аталған шағым авторлары аталған заңбұзушылықтарға қатысы бар бұрынғы қызметкерлер болуы мүмкін. Қазіргі қызметкерлердің пікірінше, аталған арыз иелері қоғам мен мемлекеттік органдар алдында өз заңбұзушылықтарын жасырып қалу үшін кәсіпорындағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып жатыр. Осылайша, олар өз заңбұзушылықтарынан жалтаруға тырысып жатқан болуы мүмкін. Атап өтерлік жайт, 2023 жылдың желтоқсанынан бастап кәсіпорыннан бірде-бір қызметкер жұмыстан шығарылған жоқ. Шағым түсіріп, БАҚ өкілдерімен хабарласып жүрген тұлғалардың арасында қазіргі кезде кәсіпорында жұмыс істейтін қызметкерлер де бар. Оларға ешқандай моральдық немесе психологиялық қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Айта кетерлігі, директордың міндетін атқарушы бірнеше жиналыста ашық әңгімеге, бір шешімге келуге шақырды, алайда ашық түрде ешкім мәселе көтерген жоқ», - деп хабарлады «Метрополитен» МКК баспасөз қызметі.

Мекеме арызданушылардың шағымы негізсіз деп санайды. Лауазымдық талаптарға сәйкес кәсіпорын директоры болу үшін құрылысшы болу туралы талап жоқ. Заңға сәйкес басшылық қызметке менеджерлік, ұйымдастырушылық дағдылары дамыған, кәсіпорын басқару бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар қызметкерлер тағайындалады.

«Лауазымға тағайындау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілді. Сонымен қатар қазіргі кезде директордың орынбасары лауазымында бірнеше жылдан бері құрылыс, қолданыс және жалпы мәселелер бойынша тәжірибелі мамандар қызмет ететінін ескерген жөн. Қазіргі кезде барлық материал құқық қорғау органдарына жіберілді. Істің нәтижесіне қарай абыройын қорғауға шағымдану немесе шағымданбау туралы  шешім қабылданады», - делінген агенттікке жолданған жауапта.  

Серіктес жаңалықтары