$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.02.2024, 10:47
Қоғам

Су саласындағы бұзушылықтарға жауапкершілік күшейтіледі – министр

Ол еліміздің су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын айтты

Су саласындағы бұзушылықтарға жауапкершілік күшейтіледі – министр
Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілістің комитет отырысында Қазақстан су саласының ағымдағы жағдайы мен одан әрі дамытудың орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаларға арналған жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бірінші бағыт – су тапшылығы мәселесін шешу үшін екі іргелі құжат – жаңа Су Кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Жаңа Су кодексі – бірқатар жаңалықтарды қамтитын іргелі құжат. Кодекстің мақсаты – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және қолдау болып табылады. Қолданыстағы құжаттан айырмашылығы су – экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы болып табылатыны», - деді Нұржігітов.

Оның айтуынша, Жаңа Кодексте суды үнемдеу өте маңызды рөл атқарады.

«Мысалы, су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауызсуларын тиісті мақсатта пайдаланбауға жол бермеуге міндетті. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте су үнемдеу технологияларын енгізу дәрежесіне байланысты су беру қызметтеріне субсидиялар және төмендетілген тарифтер түрінде мемлекеттік қолдау көзделген», - деді ол.

Министрдің айтуынша, су саласындағы бұзушылықтарға заңнамалық деңгейде жауапкершілік күшейтіледі.

«Мысалы, министрліктің бассейндік инспекцияларына мемлекеттік бақылаудан басқа қадағалау функциялары да беріледі. Бұл су объектілерін қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мұқият бақылауға, өз бетінше пайдалануға қарсы күресуге, гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану қағидаларының сақталуын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының су заңнамасының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Министрдің айтуынша, ол үшін әр облыс орталығында бөлімдер ашылып, бассейндік инспекциялар штаты 98 бірліктен 242 бірлікке дейін ұлғайтылды.

«Осы және басқа да ережелер, министрлікке суды үнемдеудің жалпыұлттық саясатын қалыптастыру, дамыту, су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелерін шешуге жұртшылықты тарту және басқа да маңызды мақсаттар бойынша тұрған міндеттерді іске асыруға көмектесуі тиіс», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары