12 өлекседен сынама алынды: Ақтауда аққулардың өлімі үшін қонақ үйге айыппұл салуынуы мүмкін
Сынаманың бәрі аққулардың өлімі құс тұмауынан болғанын растаған
Мәжіліс депутаттарына балық шаруашылығын дамытуға арналған заң жобасын таныстырған Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев жиыннан кейін БАҚ өкілдеріне Маңғыстау облысында қырылған аққулар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Журналистер вице-министрден аққу қырылған Қаракөлге Rixos Aktau қонақүйінен сарқынды судың төгілуі қаншалықты заңды екенін сұрады.
«Rixos-ке келсек, рұқсат етілген нормалардан ауытқуға жол берілген. Сынама алынды, түпкілікті қорытындысы кейін айтылады. Бұл мәселемен экология департаменті айналысып жатыр, солар шара қолданады. Тексеру қорытындысы шыққанына қарай айыппұл, әкімшілік шаралар, суды тазарту және тағы басқалар болады. Жобалау кезінде суды тазарту қарастырылған. Қонақ үй салынған кезде жергілікті атқарушы орган су төгуге рұқсат берген болса керек», — деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол 12 өлі аққудың денесінен 37 сынама алынғанын атап өтті.
Сол сынаманың бәрі құстардың өлімі құс тұмауынан болғанын растаған.
«Бұл жыл құстары ғой. Бұл жерде себеп — таза құс тұмауы. Қырылып жатқан аққудың бәрі есейіп үлгермеген. Өлген құстар арасында ересектері жоқ. Басқа түрлері де жоқ. Жыл сайын бұл көлде 50 мың аққу қыстайды. Содан қалған 18 мыңның 4 мыңдайы ұшып кеткен. Қазір 14 мыңдайы қалған. Кешегі мәлімет бойынша қырылған аққу саны 1028-ге жеткен. Санитариялық шаралардың бәрін сақтап жатыр. Дерт үй құстарына жұқпас үшін аққу қырылған аумаққа адамдарды жібермей жатырмыз. Қаңтардың бас кезінде күніне 100 құс өлетін. Қаңтардың 9-10-ына қарай 50 болды. Қазір күн сайын 25 құс өліп жатыр», — деді Нұркен Шәрбиев.