«Кітап-AMANAT»: Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар облыстарда мерекелік іс-шара өтті

Шара қатысушылары Тәуелсіздік жылдарының қалай басталғандығын еске алып, өткен жылдардағы саяси жағдайларға тоқталды

«Кітап-AMANAT»: Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар облыстарда мерекелік іс-шара өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола, Алматы, Атырау және Павлодар облыстарында «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Тәуелсіздік күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы студент жастардың желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесуін ұйымдастырды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманбай  Сейітқасымов желтоқсан оқиғасына 20 мыңға жуық жас жиналғанын айта кетіп, Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның Тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы ретінде бағаланды деген ойын білдірді.

Жиынға арнайы келген Ақмола облысы бойынша «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестік жетекшісі Сайранбек Қарабатыров, Желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүрген көкшетаулық Еркін Есілбаев, Сағат Нурғалиев, Қайыртай Баскенов, Алтынбек Жарылғасовтар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайындағы бастан кешкен оқиғалары және естеліктерімен бөлісті.

Кездесу соңында партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова азат өмірімізді, бейбіт күнді жақындатқан батырларға алғысын білдіріп, «Кітап- AMANAT» дүкенінен кәдесый ретінде кітап сыйлады.

Осындай ізгі шара Алматы облысында да жалғасын тапты. Кездесуге AMANAT партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасы Қаныбек Айтжанов, аудандық кәсіподақ төрағасы Сағындық Жылқыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық мәслихат депутаттары Бекжан Сүнбеков пен Елена Константинова келді. Шара «Жастар рухы» ЖҚ ұйымдастыруымен өтті. Жиында жас оқырмандар тәуелсіздік пен ұлттық құндылықтар жайындағы ұлағатты әңгімелерге қанықты.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «КІТАП-AMANAT»  мәдени-ағарту орталығында  «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында Жастар мәслихатының депутаттары мен оқырмандардың қатысуымен жерлес жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының және Атырау облысы Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың жары, «Отарбаевтың Руханият қоры» жеке қорының жетекшісі Сәуле Отарбаевамен кездесу өтті.

Жазушының жары Рахымжан ағайдың естеліктерімен қатар, әдебиет пен мәдениет, тарихи тұлғалар, өмірлік құндылықтар, қыз бала қашан тұрмысқа шығуы керек, кәсіптің несібесі туралы өзінің толғамды ойларымен бөлісіп, көрермендердің көкейіндегі сауалдарға жауаптарын берді. Іс-шара аясында «КІТАП-AMANAT» мәдени-ағарту орталығына жазушының кітаптарын сыйға тартып, орталықтың кітап қоры құнды қазынамен толықты.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодар облыстарында «Кітап AMANAT» орталығында «Ұлы Дала» байқауының қатысушыларымен әдеби кеш өтті.  Аталмыш кешке облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова, Торайгыров университетінің профессоры Салтанат Әубәкірова, биылғы Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпазы Нұрбек Кеңесбай, өңірдің ақын-жазушылары мен жастар қатысты. Шара барысында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Нұрбек Кеңесбай байқаудан алған әсерімен бөлісті.

Кеш соңында «Ұлы Дала» байқауының қатысушыларына алғыс хаттар табысталып, Алаштың атақты жазушыларының кітаптары сый ретінде табысталды.

Авторы: Еркежан АЙТҚАЗЫ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.