Павлодар әкімінің экс-орынбасары Арслан Қалияқбаров сотталды
Сотталушы денсаулығына байланысты үкімді тыңдауға келмеді
Пара алды деп күдікке іліккен Павлодар қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына үкім оқылды. Судья Арслан Қалияқбаровқа 3 жарым жыл жаза кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жазасын өтеп шыққасын да өмір бойына мемлекеттік қызметке араласа алмайды.
36 жастағы сотталушы денсаулығына байланысты үкімді тыңдауға келмеді. Прокурор әу баста экс-шенеунікке 9 жыл жаза сұраған. Алайда Арслан Қалияқбаровтың кәмелетке толмаған төрт баласы және сырқат әйелі бар екені ескеріліп, судья жазасын жеңілдетті.
Биыл қаңтар айында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған шенеунік жарты жылға жетпей жатып пара алғаны үшін ұсталған. Ол маусым айында кәсіпкердің орындаған жұмысына кедергісіз қол қоюы үшін 1 миллион 800 мың теңге ақша алған. Бірақ жұмыс кабинеті мен көлігінен табылған қомақты қаржыны біресе «байқамадым», біресе «кәсіпкерден қарызға алдым» деп шатасқаны бар. Бұл айласы іске аспай «пара алу» бабымен сотталған ол енді өмір бойына мемлекеттік қызметтен аластатылды.