«Ұлттық қор – балаларға»: қаражат қашан және қалай беріледі
Келесі жылдан бастап төлем беру жүзеге асырылады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2023 жылғы 1 қазандағы ресми деректер бойынша елдегі 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 7 млн адамды құрап отыр.Парламент қабылдаған Заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылады. Білім алу бағыты бойынша – қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді», - деді ол.
Темірбеков атағандай, тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
«Сонымен қатар, бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтары 18 жасқа толғанға дейін – «Қатысушылар» болып есептеледі, кәмелетке толғаннан кейін – «Алушылар» санатына көшеді. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады. Сондай-ақ, алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар.Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жойылады», - деді ол.
Оның айтуынша, шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалды.
«Жобаны іске асыру барысындағы екі маңызды ұғымға айрықша тоқталғым келеді. Олар: Нысаналы жинақтар – Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 18 жыл ішіндегі орташа инвестициялық табысының елу пайызы есебінен жинақталған қаражат. Жобаны жыл сайын іске асыру кезең-кезеңімен орындалатын болады. Ол үшін ең алдымен өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі», - деді ол.
Келесі жылдың 1 ақпанынан бастап төлемдер жасалады.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ