Қарағанды қаласында медициналық қалдықтарды жоятын зауыт халықты улап жатыр

Azattyq Rýhy

Жұрт жылдар бойы оны басқа жерге көшіруде сұрағанмен мәселе шешілмей келеді

Қарағанды қаласында медициналық қалдықтарды жоятын зауыт халықты улап жатыр
Фото: astanatv.kz

Қарағанды қаласында медициналық қалдықтарды жоятын зауыт халықты улап жатыр. Өткір иіс пен ащы қара түтіннен тұрғындар тыныс алу аруларына жиі шалдығады. Себебі, өндіріс орны үйлердің іргесінде орналасқан. Жұрт жылдар бойы оны басқа жерге көшіруде сұрағанмен мәселе шешілмей келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

13 жыл бұрын жеке сектордың жанынан ашылған кәсіпорын мен үйлердің арасы небәрі 300-400 метр. Зауыттан шыққан өткір иіс пен ащы қара түтін бірнеше мың тұрғынды әбден шаршатқан. Қазір бұл маңда тыныс алу ауруларына шалдыққандар көп.

Зауыттан ауаға зиянды қалдықтар тарайтынын экологтар растады. Облыстық экология департаментінің инспекторлары қоқыс өртейтін пештен біраз кемшілік тапқан.

 «Барлық утилизация жаңағыдай қалдықтардың утилизациясы инсинераторлық пеш арқылы жүргізілетіні анықталды. Пештен ауаға зиянды заттар бөлінетіні белгілі болды. Утилизация ЛТД ЖШС табылған ақауларды 15- інші қарашаға дейін жоюы тиіс», - дейді облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Әділет Қоянбаев.

Соған қарамастан шенеуніктер зауытты үйлерден алысырақ көшіруге асықпай отыр. Ал кәсіпорын басшылары бұл қаржылық жағынан тиімсіз дейді.

 «Меніңше халыққа біреулер қысым жасап шағымдануға мәжбүрлеп отыр. Әйтпесе зиянды қалдықтар қалыпты жағдайдан сәл ғана асты. Пештің ақауы бір участокта ғана болды.Пеш стандартқа сай жұмыс істейді. Кемшіліктерді түзетеміз. Бірақ зауытты көшіру 100 млн теңгеге шығады. 5 жыл бұрын ғана қондырғыларды жаңарттық, басқа аумаққа көшіре алмаймыз», - дейді «Утилизация ЛТД» ЖШС атқарушы директоры Заза Берадзе.

Тұрғындар енді зауыт басшылығын сотқа бермекші, прокуратураға арыз дайындап жатыр. Олар медициналық қалдықтарды жоюға қарсы емес, тек оны қоршаған ортаға зиянсыз алыстау жерде өткізуді сұрайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.