$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.09.2023, 10:34
Қоғам

Медициналық көмек пойызы Батыс Қазақстанның Бәйтерек ауданына барды

Пойыз екі күн аялдап, дәрігерлер жұртшылыққа тегін көмек көрсетеді

Медициналық көмек пойызы Батыс Қазақстанның Бәйтерек ауданына барды

Шалғай жатқан елдімекендердегі халыққа медициналық көмек көрсету үшін «Саламатты Қазақстан» пойызы 26 сәуірден 6 желтоқсанға дейін Қазақстанды аралайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.     

Бұл пойыз 13 өңірді айналып өтіп, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына табан тіреді. Мұнда пойыз екі күн аялдап, Переметное ауылында дәрігерлер жұртшылыққа тегін көмек көрсетеді. Сондай-ақ ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен халыққа заң тұрғысынан және құқықтық, психологиялық кеңес беріледі. Ауыл тұрғындары мамандарды теміржол бекетінен салтанатты түрде қарсы алды.

Биылдан бастап осы ауқымды әлеуметтік жобаны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия қолға алып отыр. Есепті кезеңде президенттік пойыз еліміздің 17 облысындағы 121 шалғай станция арқылы жүреді. Биылғы 26 ​​сәуір мен 27 қыркүйек аралығында пойыз 13 облыстағы 85 станцияны аралап үлгерген.

Әлеуметтік жобаның мақсаты – еліміздің облыстарының шалғай ауылдарында тұратын азаматтарға кәсіби қызмет көрсететін медициналық, құқықтық және медиациялық (бітімгершілік) тегін көмек көрсету. Көмек көрсететін мамандардың қатарында терапевт, кардиолог, лор дәрігері, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог бар. Медициналық пойызда биохимиялық талдаулар, флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Жобаға еліміздің барлық аймақтарынан 15 кәсіби медиатор мен 15 заңгер қатысып жатыр.

Бәйтерек ауданында мәртебелі меймандарды аудан әкімі Марат Тоқжанов қарсылап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Үлкен жобаны жүзеге асырып жатқан ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясына, «Самұрық- Қазына» АҚ-ға және Денсаулық сақтау министрлігіне бәйтеректіктер атынан алғыс білдіремін. Үлкен үмітпен келіп отырған ауылдас ағайындар өздерін толғандырған барлық сұраққа жауап алады деп сенемін. Білікті мамандардың елдің түкпір-түкпірін аралап, осылай қызмет көрсетуі қарапайым халық үшін үлкен көмек», – деді аудан әкімі.

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілі Әлия Борашева аталған комиссияның қолдауымен жобаға кәсіби және тәжірибелі медиаторлар, заңгерлер де тартылғанын жеткізді. 

«Ақ халатты абзал жандармен бірге аталған мамандар сіздерге сапалы қызмет көрсетуге дайын. Мемлекеттік және жалдамалы тұрғын үй алу, мүлікті сатып алу-сату шартын тіркеу, алимент, кредитке қатысты және тағы басқа өздеріңізді мазалаған сұрақпен келулеріңізге болады. Әлеуметтік жоба болғандықтан барлық сұрақты бақылауға алып, мәселелеріңізді бірігіп шешуге тырысамыз», - деді Ұлттық комиссия өкілі.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева халықтың сақтандыруы бар-жоғына қарамастан, бәріне тегін көмек көрсетілетінін атап өтті. 

«Егер жарақат, инсульт алып немесе басқа да жағдайлармен төсек тартып жатқан науқастар болса, үйлеріне барып қараймыз. Пойызға келген науқастарда ауыр диагноз байқалса, пациенттерді ары қарай  бақылауға алу үшін жергілікті медициналық дәрігерлерге мәліметтерін жібереміз», –  дейді ол.

Айта кету керек, медициналық пойыздағы медиаторлар мен заңгерлер арқылы бүгінге дейін 5 мыңнан астам азаматқа тегін медиативтік және құқықтық көмек көрсетілген. Оның ішінде 3 мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңестер беріліп, 1 мыңнан астам медиативтік консультациялар берілді. Соның нәтижесінде 200 астам медиация келісіміне қол қойылды, яғни азаматтардың даулары шешілді.

Заңгерлік көмекке жүгінген аудан тұрғыны Рафхат Сармулдиннің айтуынша, ақылы заңгер неvtct медиатор іздеп қалаға баруға тура келеді. Ал мұнда еліміздегі белгілі заң мамандары қажетті кеңесті тегін береді. Ал переметныйлық Шолпан Смақова жыл сайын пойыздағы дәрігерлердің берген жолдамасымен аудандық, облыстық медициналық мекемелерге барады.

«Президенттік пойыздағы дәрігерлерге қаралып, УЗИ-ге түсіп қана қоймай, заңгерлік кеңес алып шықтық. Жыл өткен сайын ауыл халқына мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдаулар үшін Президентке, Үкіметке, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғысым шексіз», – дейді ауыл тұрғыны.

Медициналық пойыз Батыс Қазақстан облысында 6 қазанға дейін болады. Осы мерзімде Достық ауылынан басқа, Тасқала, Деркөл, Переметное, Белес, Жайық, Алғабас, Амангелді стансаларының тұрғындарын қабылдамақ.

Авторы: Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары