«Пайданың 70%-ын алып қалады»: Жетісуда фермерлер қант қызылшасын өңдейтін зауыттардың әрекетіне шағымданды
Олар қант зауыттарын акционерлік қоғам ретінде қайта құруды ұсынды
Жетісу облысында қант қызылшасын өсірумен айналысатын қожалықтар банкрот болуы мүмкін. Өйткені, жұмыстың ауырын мойындарына алған қожалықтарды монополистер біржақты келісімшартпен тығырыққа тіреп тастаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жетісу облысында Ақсу және Көксу қант зауыттары қожалықтардан қызылша қабылдайды. Алайда, өндірілген өнімнің 70 % зауыттың қожайындары өздеріне алып қалады. Ерте көктемнен қара күзге дейін егістік алқабында тоқтаусыз жұмыспен айналысатын шаруалар өнімнің тек 30 % ғана иелік етеді. Бұл шығынды жаппақ түгілі, жұмысшылардың айлығынан аспайды деп отыр ашынған фермерлер. Өңірде қант қызылшасын өсіретін алқапты көбейту туралы Президенттің арнайы тапсырмасы да бар. Бұрын 4 мың гектар жерге қант қызылшасы себілсе, бүгінде оның көлемі 8,5 мың гектарға жеткен. 2026 жылы қант қызылшасын өсіретін алқаптың көлемін 15 мың гектарға дейін көбейту жоспарланған. Алайда, шаруалар қанаушы монополистер тұрғанда, алқапты кеңейте беру проблеманы шешпейді деп санайды.
«Мен 22 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен айналысам. 2017 жылы ғана жаңа техника сатып ала бастадым. Соңғы бес жылда тек жұмысшылардың айлығын төлеуге ғана шамам келеді. Техника алуға қаржы қалмайды. Өйткені, табыстың көбі зауытқа кетеді. 2000 жылдары жасалған келісімшарттар менде әлі сақтаулы. Онда өнімнің 70 % бізге, яғни фермерлерге, 30 % зауытқа қалатын. Мазут ол кезде өте қымбат, қиын кезең еді. Зауыт мазутпен жұмыс істейді. Бірақ соған қарамастан ол кезде бізге үлесімізді молынан беріп тұрды. Соңғы екі жылдан бері зауыт газбен жұмыс істеуге көшті. Табиғи газ мазутпен салыстырғанда 3-4 есеге арзан. 2015 жылы қызылшаның тоннасына зауыт бізге 13 мың, былтыр 15 мың теңгеден төледі. Биыл да сол баға. 2017 жылы қанттың бағасы 170-180 теңгенің айналысында болса, қызылшаның тоннасына зауыт 17 мың теңгеден беріп тұрды. Қазір қанттың келісі екі есеге қымбаттап кеткенмен, бізге тоннасына 15 мың теңге төлеп отыр. Зауыт қазір табыстың 70%, қожалықтар 30 % алып, барлығы керісінше ауысып кетті. Біз өткен жылы келісімшарт жасасуға тырыстық. Бірақ бүгінгі күнге дейін зауыттың иесі бізбен кездеспеді. Тіпті зауыттың қожайындарын да білмейміз. Тек тұқым алатын кезде заңгерлері біржақты жасаған келісімшарттарын ұсынады, қол қойдырады. Біз қызылшаны ешқайда шығара алмаймыз, тек өздеріне өткізуге міндеттіміз», - деді Жетісу облысы Ақсу ауданы «Квитко» ШҚ басшысы Квитко Александр.
Шаруалар мен Қазақстан фермерлер Қауымдастығының өкілдері зауыт молынан пайдаға кенеліп, қожалықтарды тонап отыр деп санайды. Қант қызылшасын өңдейтін Көксу зауыты бірнеше жыл бұрын мемлекеттің қаражатына қайтадан жаңартылып, түгелдей модернизацияланды. Бірақ, зауыт әлі күнге дейін баяғы кеңестік дәуірдегідей төмен өнім шығарумен шектеліп отыр.
«2004-2005 жылы қызылшадан қант шығару тоннасына 12 % құраған. 100 тоннадан 120 келі қант алатын. Ол кезде зауыт ескі, әлі күрделі жөндеуден өтпеген. Ол кезде қырғызстандық тұқымдар болатын. Оның өнім беру күші 17 % аспайды. Көксу қант зауыты бірнешге жыл бұрын модернизациядан өтті, мемлекет бәлен миллиард теңге бөлді. Бүгінгі күні біз франциялық, амеркикалық тұқымдарды сеуіп, қант қызылшасын аламыз. Батыстық бұл тұқымдардың қант өндіретін құрамы өте күшті. Бірақ мемлекеттің қыруар қаражатына жаңарған зауыт әлі күнге қызылшадан 10-12 % ғана қант шығарады. Егер олар сапалы қызылшадан молынан қантты өндіре алмаса, несіне отыр? Ресейде өнім 16-17 % құрайды. Бұл зауыттың бұрынғы басшысы сотталып кетті, қазіргі иесін ел, халық, шарулар білмейді. Неге зауыттың иесі бізбен кездеспейді? Батыста, барлық елдерде керісінше. Өйткені, тәуекелдердің барлығымен тікелей қожалықтар күреседі. Егер біз күзде зауытқа тоннасына 30 гектардан қант қызылшасын өткізбесек, онда біз тұқымды және көктемгі егістік жұмыстарына жұмсалған ақшаны бес есе жоғары көлемде қайтаруымыз керек. Бұндай біржақты келісімшарттар қожалықтарды 100% банкрот қылады. Фермер мен зауыт серіктес болу керек. Қант бізде 440 теңге бізде. Ал ресей бізге қанттың келісін 330 теңгеден экспорттайды. Елде 8 зауыт болған, қазір 4-уі ғана қалды. Неге, өйткені қожалықтарға жағдай жасалмаған, тиімсіз. Зауыт иелері министрлік арқылы өздерінің мәселесін ғана шешеді. Тым болмағанда өнімнің 45 % бізге, 55% зауытқа қалу керек. Құр егістік алқаптарын көбейте беру мәселені шешпейді», - деді Александр.
Арнайы жиын өткізіп, проблемаларын қоғамға ашық айтқан шаруалар жуырда тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі өткір мәселенің оң шешімін табу керек деп санайды. Олардың сөзінше, бұған дейінгі министрлер қожалықтармен кездеспей, тек өндірушілермен ғана жолығып кетіп отырған. Жалпы былтыр 525 мың тонна көлемінде қант қоры жиналса, оның 61 мың тоннасы өзімізге тиесілі. Бразилия, өзге де елдердің өнімі арқылы өндірілген қант 161 мың тонна. 2022 жылы Жетісу облысында 6 мың гектар жерге қант қызылшасы егіліп, одан 182 мың тонна қызылша жиналған. Көксу зауытына өткізілген 162 мың тонна қызылшадан 21 мың тонна қант өндіріліпті. Бұл күрделі мәселе, өте төмен көрсеткіш деп санайды ғалымдар. Қазақстанда елді қантпен қамтамасыз ету көлемі 7 % аспайды.
«Жоспар бойынша, ел тұрғындарын қантпен қамтуды 20 % жеткізу керек. Бірақ біз оған да жете алмай келеміз. Себеп – қант қызылшасын қабылдайтын зауыттардың монополияланып кетуі. Шаруалар зауытпен тікелей байланыс орната алмай отыр. Бұл жұмысқа тежеу. Қызылшаны сатып алу бағасы өте төмен. Қант қызылшасын өсіруге су жетіспейді. Суды шаруалар тау өздендері арқылы әрең алып отыр. Зауытты бірнеше адам ғана басқарады. Оған мемлекеттен миллиардтаған ақша бөлініп келді. Көксу қант зауытына 5 миллиард теңге, Ақсу зауытына 11 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бірақ зауыт бәрібір өз деңгейінде жұмыс істеп жатқан жоқ. Президенттің айтқан тапсырмаларын орындау керек. Қант зауыттарын акционерлік қоғам қылып қайта құрып, оның 51 пайыз үлесін шаруа қожалықтарына беру керек. Қазір олар жекенің қолында, ЖШС ретінде отыр. Негізгі шығынды шығаратын, негізгі жұмысты жасайтын фермерлер. Бірақ тапқан пайданың бәрі монополистердің қалтасына кетіп жатыр. Ешқандай пайда фермерлерге берілмей отыр. Қант қызылшасының бір тоннасына 15 мың теңге төлейді. 6 тоннадан 12 кг қант шығады. Сонда олар бір келі қантты 120 теңгеден алып отыр деген сөз. Ал дүкендерде қанттың бағасы қанша екені баршаға белгілі, келісі 400 теңгенің төңірегінде. Тіптен бірге бір қосты дегеннің өзінде қанттың бағасы 240 теңгеден аспау керек. Сатып жатқан бағасы жоғары. Қант зауыттарын монополист ретінде тіркету керек. Ондай кезде монополистерді Үкімет бақылап, бағаға шектеу қояды. Бірақ, Жетісу ауданындағы екі зауытта монополистердің тізімінен шығып кеткен. Біз бұған қарсымыз. Тағы бір мәселе, сырттан қант қызылшасын сатып алудың көбеюі бағаның өсуіне де әсер етіп отыр. Ресейде бір миллион гектардан астам жерге қант қызылшасы себіледі. Бізде бар жоғы 8 мың гектар, 15 мың гектарға жеткізе алмай отырмыз. Тұтынатын қанттың 50 % Ресейден, 30 % пайызы Бразиялидан келеді. Үкіметтің бағдарламасын орындау үшін қант зауыттарын бақылауға алу керек. Бұл облыс деңгейінде шешілмегендіктен Президентке жолдап, қоғам алдында көтеріп отырмыз», - деді «Қазақстан фермерлер Қауымдастығы» филиалының Жетісу облысы бойынша төрағасы Асқар Шарипов.
Профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Асқар Қалиұлының сөзінше, соңғы жылдары алқапты, сумармалы жерлерді көбейту бойынша бюджеттен қыруар қаражат бөлінген. Ескелді ауданында 4262 гектар, Ақсу ауданында 11 500, Талдықорғанда 1,5 мың гектар жер, Сарқан ауданында 12 канал жөнделіп, алқап 2358 гектарға жеткен. Бірақ егістік алқабының көлемі біртіндеп ұлғайғанмен, өнімнен түсетін пайдаға белгілі бір топтар ғана иелік етіп келеді. Бұл үрдіс жалғаса берсе, Қазақстанның қант саласы жойылады деп болжайды. Ұзақ жылдан бері жергілікті жерде шешімін таппай келе жатқан Жетісу облысының фермерлері Президентке жүгінді.
«Ауылшаруашылығы саласы 2005-2006 жылдарға дейін субсидияланбады. 2005 жылға дейін өз позициясын ұстанып, біз қантты Ресейге, Украинаға экспорттадық. Бірақ 2005 жылдан кейін бұл саланы Рахат Әлиев монополиялады. 2008 жылы оның мүлкі тәркіленіп сотталды. Фермерлер неге мемлекет бұл зауыттарды тәркілемеді деген сұрақ қояды? Оны алып жай ғана Есімовке бере салды. 2008 жылдан бастап бюджеттен мол қаржы құю басталды, субсидиялар беріле бастады. Фермерлер мен зауыттарға жұмсалған миллиардтаған қаражат сіз бен біз сияқты халықтың қазынасы, қаражаты. Бұл зауыттарға да Қазақстан миллиардтаған қаражат бөлді. Бірақ нәтиже жоқ. Елді қантпен де қамтамасыз ете алмайды, өнім де аз. Көрші елдермен салыстырайық: Қырғызстан 80-ші жылдары қиындықтарға тап болды да, зауыттар жабылды. Олар 2000 жылдары 3 зауытты қалпына келтірді және олар бүгінде жұмыс істейді. Өзбекстанда екі, Түркіменстан да екі зауыт салынды. Ал бізде 8 зауыт болды. Қазір тек 4-і ғана бар. Бір зауытты жаңарту үшін 350 миллион еуро керек. Қызылшаға өте көп су, энергия қажет. Бұл көрсеткіштер қант құнының 40 пайызына дейін жетеді. Бізде облыс бойынша 8,5 мың гектарға жуық қант қызылшасы егілген. Бір гектарда орта есеппен бір адам жұмыс істейді. Көксу қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 8,5 мың адам жұмыс істейді. Бұл жерде қант немесе қызылша ғана емес, осыншама мың адамның әлеуметтік проблемасы да тұр», - деді Жетісу облысы Көксу ауданы «Рахимов» ШҚ басшысы Рахим Кәрімов.