Павлодарда шөптен тарыққан жұрт мал басын азайтпақ
Облыста шөптің бағасы күннен күнге шарықтап барады
Павлодарда шөптен тарыққан жұрт мал басын азайтпақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазірдің өзінде трактордың бір тіркемесі 100 мың теңгеге жеткен. Қотандағы азғана малды қыста қырып аламыз ба, деп қорыққан жұрт сатып та жатыр. Оның өзінде төрт түлік қазір баға сүймей тұр. Ал, шөпке ақшасы жетпегендер несие алуға дейін барған.
Облыс орталығына қарасты Павлодарское ауылы жылдан жылға үлкейіп келеді. Қазір халқының саны 6500-ға жеткен. Жұрттың қорада айран сүтті айырып отырған азын-аулақ тұяғы бар. Жаздай құрғақшылықтан далада шөп шықпай қалды. Ал, шабындық жерлері бар пысықайлар осы сәтті пайдаланып бағаны шарықтатып жіберген.
«Шөптің бағасы өте қымбат, әрине. Малымыз бар бірақ жеріміз жоқ шауып алатын. Одан кейін амал жоқ, сатып аламыз. Биыл міне 90-100 мың деп тұр ғой. Сұмдық қой бұл», - дейді Павлодарское ауылының тұрғыны Бақытхан Болат.
«Менің пенсиям 70 мың, ал шөп қазір 90-100 мың деп тұр. Мен пенсиямды қалай тартамын. Бір телешка шөпке жетпей қалды. Балаларға нан алып беру керек, ұн алып беру керек, тамақ алып беру керек. Екі-үш малдың баққан ақысы бар. Сонда жетпей қалды», - дейді Павлодарское ауылының тұрғыны Асқар Әділханұлы.
Алдағы қыс ұзақ әрі қатты болады дейді білетіндер. Сондықтан, қолдағы малды қыста қырып аламыз ба, деп қауіптенген жұрт қазірден түлік басын азайтып та жатыр. Оның өзінде осы күні баға сүймейді. Өйткені, жаздай мал тойынбаған.
«Малымызды енді қазір шөп жоқ болғаннан кейін сатамын ғой енді мен. Сойып сатып арзан болсада сүйтіп жоғалтпаса басқа... Мен биыл бес ақ телешка шөп алдым өте қымбат. Ол жетпейді бәрібір сондықтан малды азайтамын ба?», - дейді Павлодарское ауылының тұрғыны Алдан Маманұлы.
Ауыл шаруашылық басқармасы малдың қысқы азығын дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдап жатыр, дейді. Бұл мақсатқа қазынадан 2 млрд теңге қаржы да бөлген. Тағы 1 миллиард теңге қарастырылып жатыр екен. Бұдан бөлек орман алқабындағы тыйым салынған жерлерді шабуға да рұқсат бермек.
«Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен сабан дайындау және жеткізу бойынша жақын маңдағы аудандармен келіссөздер жүргізілуде. Екіншіден, «Павлодар» ӘКК АҚ арқылы 10 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу бойынша резервтік қор құру жоспарлануда», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев.
Шенділер айтқан көмек ауылдағы қарапайым халықтың қолына тие қоюы неғайбыл. Мұның бәрі құр уәде, деп сенгілері жоқ. Сондықтан, банк жағалап несие алғанымыз жөн болар дейді.