$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2023, 00:12
Қоғам

Елнұр Бейсенбаев: Сайлауалды уәделердің орындалуын қадағалау үшін үкімет мүшелерімен кездесулер тұрақты өтеді

Елнұр Бейсенбаев: Сайлауалды уәделердің орындалуын қадағалау үшін үкімет мүшелерімен кездесулер тұрақты өтеді

Бүгін Мәжілісте «AMANAT» фракциясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жиынға келген Үкімет басшысы фракция депутаттарына Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың жүзеге асуы барысы туралы ақпараттық есеп берді, «AMANAT» жазды партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.

 «Өздеріңіз білетіндей, былтыр Президенттің бастамасымен елімізде болған референдум – Қазақстанның саяси және әлеуметтік өміріндегі үлкен өзгерістердің бастауы болған еді. Нақты реформалар қабылданып, қазір олар жүзеге асып жатыр. Биыл жаңа форматта өткен Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы, жеңімпаз партияның Премьер-Министр кандидатурасын ұсынуы – сол реформалардың логикалық жалғасы. Міне, достар, біз бүгін жаңа саяси маусым алдында тағы бір дәстүрді қалыптастырдық. Фракцияның отырысына алғаш рет Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы Смайылов келіп, Президенттің Жолдауы мен партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша ақпараттық есеп берді», деді Елнұр Бейсенбаев.

Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында бизнеске қолдау көрсетіп, халықтың табысын арттыруға, ауылшаруашылық саласын дамытуға басымдық берілген болатын. Осы бағытта Үкімет биыл айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отырғанын атап өткен.

«Біріншіден, шағын және орта бизнестегі субъектілер саны 27% өсіп, 1,8 миллионнан асты. Бұл салада қазір 4,1 миллион адам еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, бизнестегі бюрократиялық кедергілер де анықталып, алынып тасталған. Екіншіден, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайды. Жыл сайын мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы, студенттердің жәрдемақысы өсіп отырады. Үшіншіден, ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында бөлінетін субсидия көлемі 430 млрд теңгеге дейін өсті. Партиялық «Жер аманаты» жобасы аясында 8 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылып, қарапайым шаруаларға беріліп жатыр», деп жазды партияның атқарушы хатшысы.

Сонымен қатар ол партия өз алдына бірқатар міндет қойғанын атап өткен.

«AMANAT» фракциясы Президент Жолдауы мен сайлауалды бағдарламамыздың жүзеге асуын бақылауда ұстап, Үкіметпен одан әрі иық тіресе жұмыс істейміз. Достар, бұл жиын Фракцияның кезекті жұмыс отырысы. Сайлауалды уәделердің уақытылы орындалуын қадағалау үшін үкімет мүшелерімен мұндай кездесулер Мәжіліс қабырғасында тұрақты өтіп отырады. Біздің Фракция Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды. Осы міндеттердің орындалуын бақылау үшін министрлер кабинетінің есебін биыл қазан айында тағы тыңдаймыз», - деп сөзін түйіндеді депутат.

Серіктес жаңалықтары