$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.08.2023, 14:31
Қоғам

Заңсыз астық сатқан Тәжікстан азаматына қатысты сот үкімі шықты

Ол 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды

Заңсыз астық сатқан Тәжікстан азаматына қатысты сот үкімі шықты

Павлодардың № 2 қалалық сотында Тәжікстан Республикасының азаматына қатысты қылмыстық іс қаралды. Іс материалы бойынша, оған меншік иесіне алдау жолымен мүліктік залал келтіру фактісі бойынша (ҚР ҚК 195-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) айып тағылды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Ол 2021 жылғы тамыздан 2023 жылғы ақпанға дейін «Кавсар-Агро» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы және директоры, «Зарият» ЖШС директоры бола отырып, халықаралық көліктік транзиттік тарифті төлеуден жалтару ниетімен алдау арқылы Ресей Федерациясының аумағында астық өнімін сатып алып, автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына импорттаған. 

«Әрі қарай бұл өнімді жеңілдетілген тариф бойынша қазақстандық астық ретінде Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне экспорттаған. Бұл ретте ол тауардың Қазақстанда шығарылғаны туралы көрсететін жалған құжаттарды пайдаланған. Осылайша, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының құрамына кіретін Жүк тасымалы-ҚТЖ пайдасына қарай халықаралық транзиттік тариф төлеуден жалтарған. Жәбірленуші заңды тұлғаға келтірілген мүліктік залалдың жалпы сомасы 467179034 теңгені құрады», – деп жазылған № 2 қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Прокурор сотталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап жазаның максималды мерзімін тағайындауды, сондай-ақ одан материалдық шығын сомасын өндіріп алуды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

ҚК-нің 195-бабы 4-бөлігінің санкциясы 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді және бұл ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші заңды тұлға өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Сот кінәні жеңілдететін жағдайларды – кінәні мойындау, жасаған ісіне өкіну, соттылықтың болмауы, асырауында төрт жас баланың болуы, 1 млн теңге сомасында залалды ішінара өтеуін ескере отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан және коммерциялық ұйымдарда 2 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыру түрінде жаза тағайындады. 

Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына қарай 466179034 теңге көлемінде материалдық залал сомасы өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, ЖШС 2021-2022 жылдары 1 млрд теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна ресейлік астықты Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға экспорттаған. 

Серіктес жаңалықтары