Шымкентте полицейдің қатысуымен болған жол апаты бойынша тергеу жүргізіліп жатыр
Ол 2 адамды қағып кеткен
Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде Тұран АПБ-ның жүргізуші полицейі қызметтік автокөлікпен 2 адамды қағып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан анасы мен кәмелет жасына толмаған қызы ауруханаға жеткізілді. Аталған жайт Шымкент қаласы полиция департаментінде ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу) бойынша тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Шымкент қаласы ПД-ның басшылығы зардап шеккендерден және олардың туыстарынан полиция қызметкері жолда адамдардың жарақат алуына жол бергені үшін кешірім сұрайды.
Сотқа дейінгі тергеумен ПД-ның анықтау басқармасы айналысып жатыр. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Қайрат Далбековтің қатаң бақылауында.