Ауылға жас мамандарды тартуды шұғыл жолға қою қажет – мәслихат депутаты
Шағангүл Жанаева ауылдарда маман жетіспейтінін айтты
Абай облысы мәслихатының депутаты Шағангүл Жанаева «AMANAT» партиясы депутаттарының республикалық форумында ауыл жастарының мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жасыратыны жоқ, қазір ауылда маман жетіспейді. Өзім колледжде студент жастармен жұмыс жасайтындықтан, жастардың жағдайын жақсы білемін. Оқу бітірген соң ауылға барайын десе не жұмысы, не үйі, не күйі жоқ. Сондықтан жастар ауылдан қашады. Ауылға жас мамандарды тартуды шұғыл жолға қоюды ұсынамын. Қазірдің өзінде Абай облысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 мыңнан астам ауыл жастарына өз ісін бастау үшін шағын несие беру мүмкіндігін қарастырып жатыр», - деді ол.
Сондай-ақ, депутат «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде жас мамандарға тұрғын-үй сатып алу немесе салу үшін 600 адамға несие беру жоспарда бар екенін тілге тиек етті.
«Осы мәселелерді жастарға айтқанда, олардың көзінен үлкен қызығушылық пен зор үміт барын байқадым. Жастарға арналған бағдарламаларды жан-жақты түсіндіріп, оларды кәсіпке ынталандыру – біздің ортақ міндетіміз», - деді Шағангүл Жанаева.
Бүгінде ауылда кадр тапшылығы сақталуда. Биыл жыл басында ол шамамен 1 мың маманды құрады. Ауылға медицина кадрларын тарту мәселелері бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен медициналық мамандықтар бойынша білім алған жастар үш жыл міндетті жұмыс мерзімін өтейді. Бұл норма «Білім туралы» заңға 2012 жылы енгізілген. Ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы және 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде баспаналы болуға жәрдемақы көзделген. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен елді мекендердегі мамандарды ынталандыру мақсатында әр дәрігерге 1-2 млн көлемінде қаражат бөлінеді.