1 шілдеден бастап орманшылардың жалақысы өседі
Елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд теңге бөлінген

1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы өседі, ал материалдық-техникалық базасы 2027 жылға қарай 100 процентке жаңарту жоспарланған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд теңге бөлінген. Ал өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд теңге қарастырылған.
«Былтыр және биыл болған өрттерде, жалпы орман шаруашылығы саласында қалыптасқан жағдайды көрсетеді. Осы мәселені Мемлекет басшысы да айтып өтті. Әрине, осы мәселеге байланысты өртті болдырмау, алдын алу, сонымен қатар материалдық-техникалық қамсыздандыру, орманшылардың жалақы мәселелері қосымша пысықталады», - деді З. Сүлейменова.
Нақты Семей орманына қаншалықты залал келгенін өрт толық сөндірілген соң арнайы комиссия есептейтін болады.