Қоғамдық көлік, интернет және жол сапасы: Нұртай Сабильянов бірқатар мәселені көтерді
Депутат халықтың қоғамдық көліктің қатты тозып кеткеніне шағымданып жатқанын айтты
Мемлекеттің экономикалық қажеттілігіне жол құрылысы мен көліктің даму қарқыны айтарлықтай артта қалып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ұлттық экономика жүргізген мониторингтің алдын ала деректері бойынша Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша қала ішіндегі және кент ішіндегі жолдардың 63 мың шақырымы қанағаттарлықсыз жағдайда, ал ауылдың жолдарында асфальт жоқ екенін бәріңіз білесіздер. Қоғамдық көлікке деген қажеттіліктің жоғары болуы да сақталып отыр. Жергілікті жолдардың сапасыздығы ауылды аумақтардың арасындағы байланыстың әлсіз болуына алып келеді және олардың экономикалық дамуына кедергі келтіреді», - деді ол.
Сабильянов атағандай, адамдар қоғамдық көліктің қатты тозып кеткеніне көптеген шағым айтып жатыр.
«Мысалы, маршруттық желілер тиімсіз, жүріп тұру ыңғайсыз. Қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеулі, қаланың шетіндегі ауылдарға бара бермейді. Мұндай жағдай Семей қаласында өте өзекті болып отыр. Семейде қаласындағы қоғамдық көлік 3 жыл болды, дұрыс жұмыс істемейді. Онда автобустар ескі, қала шетіне бармайды, кешкі 7-ден кейін тоқтап қалады. Автобустардың техникалық жағдайы нашар. Осыған байланысты уәкілетті және мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар бұған ерекше назар аударуы қажет. Тасымалдаушыларға берілетін субсидиялар, халыққа көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасын арттыруға автобустар алуға берілуі тиіс», - деді ол.
Депутат жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге және салуға жұмсалатын бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бақылауды күшейту керегін айтты.
«Мысалы, былтыр ғана Аягөз қаласындағы 3-4 көшедегі жолдар жөнделген. Биыл қаз қалпына қайта келді: шұңқыр-шұңқыр, бүлінген. Сол былтырғы қалпына қайта келді. Бұл жолдардың сапасыздығы әкімдерде жауапкершілік жоқ екенін көрсетеді. Байланыс пен интернет біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып саналады. Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, 1432 ауылда интернет жоқ. Бұған қоса, интернетке қолжетімділікке қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету маңызды», - деді ол.
Нұртай Сабильянов атағандай, 3G-ге қосылған 2 мыңнан аса ауылда интернет байланысы тұрақсыз, ал кей уақытта интернет мүлдем болмайды.
«Біз мұны елді мекендерге барғанда, халықпен кездесулерде көріп жүрміз. Мысалы, Абай облысындағы Тарбағатай, Қараағаш, Емелтау, Мыңбұлақ, Қызылкесік сынды ауылдарында 3G бар деп есептелсе, министрлік мәліметінше, ал бұл ауылдардың тұрғындары тау жағалап, төбелерге шығып, интернет іздеп жүр. Интернет жоқ. Жалған мәлімет. Сондықтан Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірленіп жатқан, қолжетімді интернет ұлттық жобасында барлық ауылдың тізбесін, жоғары жылдамдығы бар интернетке қол жеткізу деңгейін, интернетке жеткізу мерзімін, осы іс-шаралардың сапалы түрде іске асыруына жауапты тұлғаларды көздеуі қажет есептейміз», - деді ол.