Елімізде суицид көрсеткіші төмендеген
2022 жылдың статистикасы бойынша, суицидтен қайтыс болғандар саны 4 мыңнан 3,7 мыңға дейін азайды
Қазақстанда суицидтен болатын өлім-жітім статистикасы 7 пайызға, суицид жасауға әрекеттену көрсеткіші 5 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, 2022 жылдың статистикасы бойынша, суицидтен қайтыс болғандар саны 4 мыңнан 3,7 мыңға дейін азайды. Егер бұл көрсеткішті соңғы бесжылдықпен салыстырсақ, көрсеткіш орташа деңгейде. Ал 7% азаю динамикасысы 2021 жылы суицидтің көбеюімен байланысты. Биыл суицидтен болатын өлім көрсеткіші азайып келеді. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 526 қазақстандық өз еркімен өмірмен қоштасты, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5% аз, деп жазады ranking.kz.
Айта кетерлігі, өткен жылдардан айырмашылығы, өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері мен суицидтен қайтыс болу саны шамалас болды: 3,7 мың (айырмашылық тек 65 жағдай). Бұл да соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Бір жыл бұрын мұндай әрекеттер әлдеқайда көп болды: 4,5 мың.
Көбіне ер адамдар суицидке бейім. Суицидтен қайтыс болғандардың 78,9%-ы ер адамдар: 2,9 мың, қалған 770-і әйел. Айырмашылық төрт есе дерлік. Қазақстандық БАҚ-та жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тақырыбы жиі қозғалады. Сонымен қатар, ең осал жас тобы, статистика бойынша, орта жастағы адамдар — 30-дан 54 жасқа дейін. Суицидтен қайтыс болғандардың жалпы статистикасында осы санаттың үлесі 54,9%. Екінші орында егде жастағы адамдар: әрбір төртінші суицидті (23,5%) 55 жастан асқан қазақстандықтар жасаған.