$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.02.2020, 17:24
Қоғам

«Жеті рет қастандық жасады»: белсенді Галина Арзамасова экс-әкімнен 50 млн теңге өндіріп алмақ

Шенеунік өзін сынаған тұрғындарды тыныштандыру үшін адам жалдап, күш көрсеткен деп айыпталуда

«Жеті рет қастандық жасады»: белсенді Галина Арзамасова экс-әкімнен 50 млн теңге өндіріп алмақ

Сотқа жәбірленуші ретінде қатысып жатқан қоғам белсендісі Галина Арзамасова өзіне бұған дейін әкім тарапынан 6 рет қастандық жасалғанын айтты. Бұл жетіншісі екен. Ауыр жарақат алған әйел әлі де ем-домға мұқтаж. Бүгінгі сот отырысында ол экс-әкімнің жұмысын сынағаны үшін осындай жағдайға душар болғанын айтты.

Г.Арзамасова мен ауылдың өзге де белсенді тұрғындары экс-әкім Нұрғали Аппазовтың іс-әрекетін сынап, аудан басшыларына арызданып келген. Олардың айтуынша, ауыл әкімі жерді өз таныстарына заңсыз сатумен айналысыпты. Ал, тұрғындардың бұл сынын көтере алмаған Аппазов оларға қарсы күш қолданған көрінеді.

Айыптау актісін оқыған прокурор да Аппазовтың қылмыс жасағанын айтты. Экс әкім ауыл тұрғыны Болат Жәкішевті ұрғызу үшін Өзбекстан азаматына 500 мың теңге төлеген екен. Ал, Галина Арзамасоваға күш көрсетіп, оны райынан қайтару үшін екі адам жалдаған және оларға 400 мың теңге берген. Алайда, белсенділер зәбір көрсе де әкімді сынауын тоқтатпаған. Мұнан кейін Аппазов олардың мүлкін жоюға кірісіпті.

«2018 жылдың 14 мамыр күні Талғар ауданының жаңа әкімі Рыскелді Сәтпаевпен мектепте кездесу өтуі тиіс болған. Белсенділер сол кездесуде ауыл әкімінің әрекетін айтпақ болған. Арзамасованың жолын кесу үшін Аппазов өзінің жүргізушісі Сманов арқылы адам жалдап, көлік апатын жасаған. Жоспар бойынша Арзамасованың көлігіне Mazda машинасы соғылу тиіс болған және ол жоспар орындалған», - деп жазылған айыптау актісінде.

Көлік апаты болса да Галина жиналысқа қатысып, ойындағысын аудан басшысына жеткізген. Алдынан көлденең шыға берген қоғам белсендісінен кек қайтармақ болған Аппазов өткен жылдың 7 тамызында Арзамасованың көлігін өртемек болады. Алайда, бөтелкеге құйылған бензинді жалдамалылар автомашинаға дәл тигізе алмапты.

«Мені соққыға жығу үшін 400 мың теңгеге адам жалдаған. 2017 жылдың 1 ақпанында алғаш рет қастандық жасалды. Екінші рет сол жылдың 25 мамыры күні тағы ұрғызды. Сосын екі рет тонау фактісі болды. 2018 жылдың 14 мамыры күні қасақана көлік апатын жасады. Ал, 2019 жылдың 7 шілдесінде үйімнің ауласындағы машинаны өртеу оқиғасы болды», - деді Галина Арзамасова.

Жәбірленуші әйел жоғарыда аталған деректерге құқық қорғау органдарының дер кезінде мән бермегенін айтады. Өзінің жазасыз қалатынына әбден сенген экс-әкім мектеп ауласындағы жердің сатылып кеткенін тағы да жоғарыға жеткізбек болған белсендіні өткен жылдың 26 тамызында Талғар аудандық әкімдігінің алдында атқызады. Қылмыс болған сәтте тапсырыс беруші де сол жерде жүрген екен.

«Сол күні біз бір топ белсенді ауыл әкімінің заңсыз әрекеттерін аудан басшысына айтпақ болған едік. Кездесу белгіленген. Мен ертерек келіп, басқаларды күтіп тұрғанда Нұрғали Аппазов ғимаратқа кіріп-шығып жүрді. Бір кезде жанына екі адамды ертіп Галина да келді. Ал, әкімнің жүргізушісі машинамен олардың жандарынан өте бергенде мылтық атылды. Бірақ, мылтық көліктің терезесінен атылған жоқ. Оны көрер едім. Біз мылтық қарсы беттегі бес қабатты үйдің шатырынан кемі 30 метр қашықтықтан атылған деп санаймыз. 5-6 метрден атылған оқ адамды тірі қалдырмайды. Әкімдікке жүгіріп, көмекке шағырғанда ғимараттың алдын түсіретін камераның басқа жаққа бұрылғанын, ал жиналысқа келдім деген әкім Аппазовтың басын төмен салбыратып тығылып тұрғанын көрдім», - деді куәгер Болат Жәкішев.

Аталған оқиғадан соң әкім мен оның жүргізушісі ұсталған болатын. Алайда, арада ай өткен соң 6,3 миллион теңге кепілмен Аппазов бостандыққа шығып кетті. Бірақ, жуырда Bek Air ұшағы құлағаннан  кейін Алматы әуежайындағы жерлердің заңсыз сатты деген күдікпен Нұрғали Аппазов 24 қаңтарда қайта қамауға алынды.

Экс-әкімнің үстінен алғашқы іс бойынша сот процесі үш айдан бері жүріп жатыр. Бірақ, жәбірленушілер қылмыстық істің 293-баппен (Бұзақылық – ред.) қозғалғанымен келіспейді. Олар істі «қасақана адам өлтіруге әрекеттену» бабына өзгерту туралы шағым түсіргенімен, талап қанағаттандырылмады.

Талғар аудандық сотында өтіп жатқан процесте аудио және видеожазба жүргізуге судья Ілияс Мұхадиұлы тыйым салды.

«Мені атқызған Аппазов арызымды қайтарып алу үшін маған осы Тұздыбастаудан үш жер учаскесін, машина және 3 миллион теңге пара ұсынды. Пара Исмаил Асиев деген Талғар ауданы әкімдігінде жұмыс істеген қызметкер арқылы ұсынылды. Аузымды жапқызу үшін бермек болған жерлері Тұздыбастау ауылындағы саябақтың жаны екен. Мен тағы да халықтың жерін талан-таражға салып жатырсыңдар деп ашуландым. Бүгінгі сотта ұлы үшін әкімнің шешесі кешірім сұрады. Өмірім үшін қорқам. Аз қастандық жасалған жоқ», - деді Г.Арзамасова.

Оқ жәбірленушінің беліне тиген. Алдағы уақытта оған тағы да операция жасату керек. Арзамасова экс-әкімнен 50 миллион теңге өндіріп алмақшы. Келесі сот отырысы 3 наурызда өтеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары