Алматыда ерлі-зайыпты екеу сот орындаушысымен бірігіп, кепілдегі қымбат дүниелерді сатып келген

Олардың әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматыда ерлі-зайыпты жұп сот орындаушыларымен ауыз жаласып, елдің кепілде тұрған құнды дүниелерін сатумен айналысып келген. Электронды сауда аукционына бір үйдің екі адамы немесе бір-біріне ықпалы бар жақын адамдар қатыса алмайтыны белгілі. Алайда, жеке сот орындаушысы заңды белшеден басып, өзге тұлғаларды аукционға қатыстырмай, тек бір отбасына базар мен сауда кешенін нарықтағы құнынан үш есе арзанға сатып жіберген. Ал базардың қожайындары өз меншігіндегі мүліктің сатылып кеткенін білмей де қалған.

Ираннның азаматы Алматыдағы 1,5 гектар жерге орналасқан «Ақбұлақ» базарын 314 млн теңгеге алып, оны шұғыл түрде жарты миллиард теңгеге қайта сатып жібермек болған.

«Сотта Фархат Түкібаев деген адвокат өзінің қорғауындағы Хамирианның зұлым әрекеттерін ақтамақ болды. Оның «адал» адам екенін дәлелдеуге тырысты, заңды біліп тұрып өтірік айтты. Хамириан өзінің әйелі Айжанмен бірге тұрмайтынын, осыдан 25 жыл бұрын ажырасып кеткенін айтып, оны дәлелдеу үшін некенің ажырасуы туралы құжат әкелген. Яғни, олар осы әрекеттері арқылы сотты шатастырмақ болды. Электронды аукционның талабы бойынша, таныс, жақын адамдар бір сәтте лотқа қатыса алмайтыны жазылған. Ал, олар бір-бірімізбен таныс емеспіз деп, заңнан аттап, тіптен сотты да алдады. Олардың бұндай әрекеті үшін жеке сот орындаушыға жеке ұйғарым шығару керек еді. Шындығында, әйелі мен күйеуі осындай істерге араласатын кезде ажырасып, іс біткенде қайта қосыла салып, алаяқтық әрекеттерге барып жүрген адамдар екен. Біздің дүние-мүлкімізді сатып аларда жеке сот орындаушымен сөз байласып, ауыз жаласқан», - деді сотта «Ақбұлақ» базарының қожайыны Асқар Жұмағали.

Қазақстандықтардың кепілде тұрған мүліктерін арзан бағаға алып-сатумен айналысқан ирандық Хомириан Хосейннен зардап шеккен азаматтар саны да көбейіп жатыр. Бір топ кәсіпкер арыздарын алып, алдағы айда Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығына кірмек. Талаптары – ирандықтың жымысқы әрекетіне тыйым салу.

Ал, Алмалы аудандық Полиция басқармасы жеке сот орындаушының үстінен қылмыстық іс қозғапты. Өйткені, үсінен іс қозғалған Тәуекелов бірыңғай электронды сауда алаңына өзінің таныстарын ғана қатыстырған.

«Бірінші сатыдағы сотта анықталғандай, аукционға қатысу Х.М.Хамириан және А.Құрманғожинаның (ерлі-зайыпты – ред.) қатысуымен өткен. Электронды сауда алаңы кезінде мүліктің құнын аукционда ұлғайту туралы ұсынысты қатысушылардың ешқайсысы растамады, содан кейін аукцион мүліктің құнын төмендеу арқылы жалғасқан. Лот құнының төмендеуі 314 963 4868 теңгеге – аукцион жеңімпазы анықталғанға дейін жалғасқан. Апелляциялық сотта жауапкерлердің өкілі Хосейн Хамириан мен Айжан Құрманғожиннің арасындағы некені бұзу туралы 1997 жылдың 17 желтоқсанындағы куәлікті ұсынды», - делінген Алматы қалалық әкімшілік соты шығарған қаулыда.

Адвокат Серік Ахметжановтың сөзінше, базардың сатылатыны туралы жеке сот орындаушы оның иесіне алдын ала хабарламаған. Керісінше, болашақ қожайынды жасырын ертіп келіп, жерді, ғимараттарды өлшеп, тексеріп кеткен. Базардың төңірегіндгі дауға байланысты және оны сатуға болмайтыны туралы соттың қаулысы шықса да, жеке сот орындаушы оны ескермеген. Тәуекелов базарды асығыс, бір күннің ішінде портал арқылы саудаға шығарып, танысының алуына көмектескен.  Тіпті, мүлікті кепілге алған банк базарды 605 млн теңгеге бағалағанына қарамастан, оның құнын қолдан екі есеге дейін арзандатқан. Ұзаққа жалғасқан даулы істі бұл жолы Алматы қаласының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының үш судьясы қарады. Іске төрағалық етуші судья Байгелов азаматтар туралы бірыңғай ақпарат жүйесінде базар мен сауда кешенін арзан бағаға сатып алған адамдардың шын мәнінде ажыраспағанын, екеуінің бір адресте тіркеліп, әрі кәмелеттік жасқа толмаған ортақ балаларының бар екенін анықтаған.

«Алматы қалалық сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Алматы қаласы ӘҚБтК-нің қаулысы өзгертілді. 2021 жылдың 21 қыркүйекте жеке сот орнындаушы Тәуекелов Қайрат Тәңірбергенұлы мен Хамириан Хосейн Маджидтің арасындағы сатып алу-сату шартын жасау туралы әрекеті заңсыз деп танылсын. Электрондық аукционның нәтижелері жарамсыз деп танылды, аукцион жеңімпаздарымен шарт жасасу бойынша жеке сот орындаушының әрекеті заңсыз. Шағымданушының талаптары ішінара қанағаттандырылсын» - делінген Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.