Алматылық оқушылар Қара майорды еске алып, ескерткішіне тағзым етті
Борис Керімбаев тірі болғанда 72 жасқа толар еді
Алматы қаласының әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен оқушылары Қара майор деген атпен аты мәшһүр болған Борис Керімбаевты еске алып, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстан Қарулы Күштерінің аты аңызға айналған полковнигін еске алу шарасына Алматы қаласының жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері, әскери оқу орнының оқытушылары, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты.
«Ерлік сабақтарының бірінде осындай іс-шараны өткізу идеясын әскери қызметшіге ұсындық. Мен үшін Борис Төкенұлы - аңыз адам. Оның қызметі, солдаттарға деген қамқорлығы туралы оқыған кезде, көзіме еріксізден жас келді,» - дейді №95 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Кемар Ясмин.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін қатысушылар офицерлер үйіндегі Қара майордың жеке заттары қойылған әскери-тарихи мұражайға барды.
Айта кетсек, Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Прудки кентінде дүниеге келген. В. И. Ленин атындағы Ташкент жоғары жалпы әскери командалық училищесін бітірген. Офицерлік қызметін Германияда мотоатқыштар взводының командирі ретінде бастады.
1973 жылы барлау ротасының командирі болып тағайындалған соң екі жылдан кейін Ортаазиялық әскери округінің бөлімше командирі болып тағайындалған. 1980 жылы ОАӘО 22-ші бригадасының базасында арнайы мақсаттағы 177-ші жеке отряды құрылғанда, отряд командирі Борис Керимбаев болып сайланды. Ал бұл отрядтың жауынгерлік қызметі Ауғанстанда барлау іздестіру жұмыстарын және операцияларды жүргізу еді.
Жасақтың сәтті әрекеттерінің нәтижесі ретінде Панджшер ауданындағы Ахмад шахтың келісімге келу шешімі болып танылды. Ол ұрыс қимылдарын тоқтып, Кеңес әскерлерін шатқалдан шығаруды талап еткен.
Сол соғыста жауынгерлер «Әке» деп атап кеткен Керімбаев өзі басқарған жасағында адам шығынының аз болуымен есте қалды.
Еске сала кетсек, Қара майор атанып кеткен әйгілі Борис Керімбаев 2019 жылдың 12 ақпанында ұзақ аурудан дүние салған еді.
Әмірболат Құсайын, Алматы қаласы